31.05.2022
  273


Автор: Ескен Елубаев

ҚОРДАЙ БАТЫР

Алысып елдiң жауымен,
Шабысып жердiң дауымен,
Атағы қалған тарихта,
Атақты Қордай тауымен.
Ел сенген батыр болған-ды,
Есiмi оның Қордай-ды.
Үзеңгiге сыймас аяғы,
Денесi дүр зордан-ды.
Қордайдан батыр асар кiм,
Желiгiн жаудың басатын.
Тобылғы иiп арнайы,
Атқа үзеңгi жасайтын.


Құрықтай едi бойы деп,
Теңiздей терең ойы деп,
Көне көз қарттар кез болса,
Əңгiме етер оны көп.
Естiдiм аңыз айтқанын,
Сүйегi тауда жатқанын.
Көк заңғар шыңның басында
Көз жұмып батыр қайтқанын.
Қай шыңда?
Ешкiм бiлмейдi.
Қордайдан қалған бiр белгi,
Қойқаптың желi соққанда.
Ашуы қоса жүр дейдi.
Ел қойды атын асуға,
Құрметтеп қимас асылға.
Есесi кетпес ешкiмге
Жан екен теңдес жасынға.
Көсем ғой қалың ел деген,
Жер атын тегiн бермеген.
Көсегесiн көгерткен,
Қордайдай тусын ер деген.
Алапат едi ықпалы,
Жаулары шеттеп ықтады.
Батырға жұғып қалыпты,
Ем қонбас ауру жұқпалы.
Елiм деп соққан жүрегi,
Батыр бұл жайын бiледi.
Жұқпалы ауру екенiн,
Табылмасын да бiр емi.
Алмаған емiн тəуiптiң,
Көрсетпеу мақсат мəйiтiн.
Залалын ойлап ертеңгi,
Жайылар елге қауiптiң.


Жұққызбау үшiн елiне,
Болмауға күйiк жерiне,
Жалғыздан-жалғыз аттанған,
Биiк тау басы – «көрiне».
Қоштасып байтақ жұртына,
Ұзайды ауыл сыртына.
Қарасын кеткен көрсетпей,
Көнбестен елдiң ырқына.
Ел таппас тауға асады,
Сүйегiн алып қашады.
Сөйтiп ол асқар елi үшiн,
Ең соңғы ерлiк жасады!
Заманда өткен бұрнағы,
Қордайдың бiзбiз ұрпағы.
Парасатының қалса ғой,
Сынықтай бойда жұрнағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу