31.05.2022
  142


Автор: Ескен Елубаев

ҮЛКЕННIҢ ТIЛIН АЛАМЫЗ

Ойын қуған баламыз,
Ана тiлiн аламыз.
Ана тiлiн алмасақ,
Кəрiп болып қаламыз.
– Қарлығашқа тимеңдер,
Ол жарықтық киелi.
Адамзатты ол сүйедi,
Содан жақын жүредi.
Оған тиген баланың,
Қолы сынып қалады, –
Деген сөзiн ананың
Бəрi есiне алады...
Ойын қуған баламыз,
Əке тiлiн аламыз.
Əке тiлiн алмасақ,
Секпiл болып қаламыз.
– Анау жүрген торғайлар,
Даламыздың сəнi ғой.
Оны бəрiң қорғаңдар,
Елжiретер əнi ғой.
– Жұмыртқасын алмаңдар, –
Деген əкем
– Жармаңдар,
Жарамын деп беттерi,
Секпiл болып қалған бар...
Ойын қуған баламыз,
Аға тiлiн аламыз.
Аға
тiлiн
алмасақ,
Ақсақ болып қаламыз.
– Мынау жүрген малымыз,
Күтiп жүрмiз бəрiмiз.


Суғарамыз шөп салып,
Ашиды оған жанымыз.
Малды тепкен адамның
Шорт сынып аяғы, –
Деген ағам:
– Шойнаңдап,
Ақсақ болып қалады...
Ойын қуған баламыз,
Əпке тiлiн аламыз.
Əпке
тiлiн
алмасақ,
Қисық болып қаламыз.
– Не шөмеле үйгенде,
Не қой жайып жүргенде, –
Деген əпкем:
– Далада
Ұйқтап əсте үйренбе.
Далаға еш жатпаңдар.
Ұйқтап қалып далаға,
Аузы-мұрны қисайып,
Масқара боп жатқан бар...
Ойын қуған баламыз,
Үлкен тiлiн аламыз.
Үлкен тiлiн алғаннан
Өсе берер санамыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу