31.05.2022
  433


Автор: Марат Нұрқалиев

Бигудидің сорпасы

Тәйтік кешкілік жұмыстан шаршап-шалдығып, ішек-қарыны шұрыл- дап, тәлтіректеп зорға жетсе, келіншегі Кілтипан телевизорға телміріп отыр екен. Шешінген соң ас үй жаққа бас сұғып еді, кішкене кастрөл қақпағын аспанға атып, бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Келіншегіне: «Кілтипошка, тезірек тамақ ішейік» деп еді, ол:
– Шәукен құрдасымыз театрға билет алыпты. Тез киін, қазір келіп те қалар, – деді мойын бұрмастан.
...Телеэкранда Штирлиц шым-шытырыққа батып жатқанда, Кілти- паннан қайыр болмас деп түйген Тәйтік ас үйге келіп, үстел үстіне бір табақша мен бір қасық даярлап қойып, қолына ожауды алды. Буы бұрқыраған кострөлді көсіп қалып еді, ішінен бір ожау бигуди шыға келді. Тәйтік талып қала жаздады. Қаны кастрөлдегі судай бұрқ-сарқ қайнады, шықшыты шықырлап, көзі тұманданып кетті.
Ақыры ашуды ақылға жеңдірген ол бигудидің үстіне жарты кило вермишельді салып жіберді, бір уыс тұз септі де, бетін жауып қойды. Өзі бір қарыс колбаса тістеп алып, келіншегінің жанындағы креслоға жайғасты.
...Бұл кезде Штирлиц Берлиннің сыртындағы вилласында кофе ішіп отыр екен... Киноның қызығына Тәйтік те бата бастады... Штирлиц Айсманның басына бір қойғанда... есіктің қоңырауы соғылды. Келген Шәукен екен.
– О, құрдас, жоғары шығып отыра тұр, мен шашымды бұйралап ала қояйын, – деді ұшып тұрған Кілтипан. Жарты минут өтпей-ақ ызаға булыққан Кілтипан жетіп келді.
– Бұл қай мазағың? – деп қалшылдаған келіншек қолындағы кастрөлді Тәйтіктің тайқы маңдайына қарай жіберіп қалғанда, ол Тәйтіктің танауын жалай өтіп, Шелленбергтің шекесіне сарт ете қалды. Манадан бері ашуға тығылып отырған Тәйтік:
– Бұл – бигудидің сорпасы! – деді шіңкілдеп.
Бір сұмдықтың басталғанын сезген Шәукен арашаға түсіп еді, үйдегі бүкіл ыдыс-аяқ сынып, күл-талқаны шыққанша Кілтипанның
«кілтипанына» кілт табылар түрі байқалмады.
– Қой, құрысын! Сендердің өз театрларың өздеріңде екен ғой, мен кетейін, – деп есікке бет алды. – Ауфвиедерзеем!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу