31.05.2022
  119


Автор: Марат Нұрқалиев

«Өзіміз білеміз!..»

– Паһ, шіркін, мілитсаның таппайтыны жоқ-ау! Мешін қарағым, бұлардың мұнда екенін қайдан білдің? – деп қайран қалды Дұлудың Сопақбас қайынағасы.


– Дудук... тойст, дедуктивті топшылау арқылы! – деп саңқ ете қалған Мешін маңайына маңғаздана көз тастап еді, алдында тұрған манағы Жылтыңқара жымың етіп, танауын бір тартып қойды. – Обшым, біз Жылтыңқара екеуіміз білеміз... – деп міңгірледі ол желкесін қасып.


...Сөйтіп, шалғайда жатқан бұл ауылда өздерінің Доктор Ватсоны мен Шерлок Холмсы осылайша пайда болған еді...


* * *


Бұл оқиға астаудың аясындай ғана ауылға біразға дейін ермек болды. Тәйтік пен Дұлу жоқ жерде екінің бірі ерінбей екі сағат жырлайтын, ал оны келесі бірі іліп әкетіп, әудемжерге апарып тастайтын болды. Тіпті Сопақбас қайынағаның (Ол кісіні Дұлудан бастап, бар кәрі-жасы солай атайды) өзі де қызды-қыздымен бұларға қосылып ап, өтірік-шынын араластырып, өңдеп кеп жібергенде, өзгелер түгілі, сол оқиғаның басы-қасында болып, Дұлудан арашалауға атсалысқандардың өзі таңғаларлықтай таңғажайып тамаша тарих болып шыға келді.


Кеңсенің алдында, дүкеннің маңында, құдық басында бастары қосыла қалғандардың аузында да сол әңгіме. Басқасын былай қойғанда, Сопақбас қайынағаның кенже баласы Бықпырт байғұс бір-екі рет: «Біз служать етіп жүргенде...», – деп бөскісі келіп еді, бұлар: «Бақпыржан-ау, сен әлі естімеген шығарсың, бізде мынадай оқиға болды ғой», – деп бұрып әкетіп, жас жігітті пұшайман қылды. Бықпырт бір-екі рет «Оставить!» деп, орыс- ша ашуланып еді, бүйірлері қызып алған бұлар: «Оспақ емес, бауырым, тура осылай болған!» – деп бой берер емес.


Сопақбас қайнаға майын тамызып баяғы Мешінді мақтаумен болады.


«Қайырлы болсын!» айтып келген кәрі-жасты аузына қаратып қойып:


– Мешін – мәладес! Мен оны ертең актептерге қосып шақырайын деп отырмын, – дегені бар емес пе...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу