31.05.2022
  109


Автор: Марат Нұрқалиев

Керзі етіктің ізі

Мешін жолда қалған машинаға қайтып оралса, оның жанында бір он- он бір жасар қара бала тұғжыңдап жүр екен. Қолында үлкейткіш әйнегі бар.
– Әй, Жылтыңқара, не істеп жүрсің?
– Тәйтік ағамның ізін қарап жүрмін. Дұлу жеңешем ол кісі керзі етік киіп кетті дейді. Ал ол етіктің ізін мен жақсы білемін. Тәйтік өкшесін сыртқа қарай қисайтып басады, – деді Жылтыңқара маңғаздана мұрнын тартып. – Дедуктивтік топшылау арқылы тұжырым жасар болсақ, Тәкең алыстағы Ащысайға емес, ауылға қайтуға тиіс. Ізді осы бағытта іздестіру керектігіне тоқсан тоғыз пайыз сенімім бар...
– Һе-һе, бізден де бір Шерлок Холмс табылған екен! – деп мырс-мырс күле бастаған Мешін, әлгі бала «міне, таптым!» дегенде, езуін жия қойды.

Мотоциклінен түсіп, ол да тізерлеп отыра кетті. Шынында да, қисайған із әр жерден бір түсіп, ауылға қарай тартыпты... Екеуі еңбектеген күйі маңдайларын ауыл шетіндегі оқшау тұрған үйдің шарбағына келіп тіреді. Бұл – самагон қайнататындығы үшін Марфа аталып кеткен Марфуға де- ген жалғызбасты әйелдің үйі. Керзі етіктің ізі осы арада үзілген. Мешін есікті қағып еді, ешкім шықпады. Терезелердің перделері түсірулі. Үй ішінен тіршілік нышаны байқалмайды. Көршілері Марфаны екі күннен бері көрмепті. Ал есіктің сыртында құлып жоқ, ішінен ілінген. Демек, үйде біреу бар...
Мешін Жылтыңқараны жұмсап, тағы да үш-төрт көршіні шақыртып алды...
– Жолдастар, мына үйден екі күннен бері ешкім шықпапты. Өлі-тірісін анықтау үшін қазір есігін бұзып ашамыз, ал сіздер куә боласыздар. Акт жа- саймыз...



  •  




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу