31.05.2022
  347


Автор: Марат Нұрқалиев

Қияс, Қиқым және...

Арамызда арагідік болса да тамаша тіршілігіміздің ажарына ақау түсіріп, адамгершіліктің «ала жібінен аттап» кете беретіндерді кез- дестіргенде, басының «сатира» дейтін сақинасы ұстап шыға келетін сы- қақшы ақын, Сейіт Кенжеахметовтың қазақша хат танып, қолына қалам ұстағаннан бері кескіні келіспеген кейбіреулерін «Кәрі шеңгелмен» шы- рылдатып шаңын қағып, артынан ащы «Қуырдақты асатқанын», «Сөз- семсермен» түйреп алып, өткен жылы «Елу құлақты елге» тақпақтап тара- тып жібергені күлкі десе бүйрегі бүлкілдейтін қауымға белгілі.


Оның сыртында облыстың һәм республикалық мерзімдік баспасөз беттерінде де ауық-ауық әзіл-сықақ әңгімелерімен көрініп, сатиралық прозадан да «сыбаға сұрап» жүргенін жекеменшік көзімізбен көргенбіз. Енді міне, бір үйір әңгімелері мен фельетондарын белінен буып, шекесіне


«Айтпады демеңіз» деген айдар тағып, Алматыға қарай айдап салған еді, астанадағы қаламдас ағайындар биыл тасқа бастырып, қолымызға тигізді. Автор жатыпішер жалқаулар, жұқсыздар, арсыз арызқойлар, безірейген бюрократтар, пайдакүнемдер, басбұзар бұзақылар тұрпатты қоғами зиянкестердің кескіндерін келістіргенде бар бояуын аямаған екен. Осындай портреттер галереясынан өздерінің бейнелерін айнытпай таныған «әптәритетті» әпенділерің апта бойы әпитеттерінен айырылған- ақ шығар.


Кітаптың «біссімілласы» «Мысық тілеу» деген әңгімемен басталған екен, мұнда қызмет бабын бас пайдасына ыңғайлап, жемқорлықтың жетегінде желіп жүрген жұқсыздардың типтік бейнесі жылу жүйесіндегі


«қатырып тастап» қармақ салатын «мықты» Қияс арқылы шебер жасалған. Негізгі объектілеріне сын жебесін дөп тигізіп жаңғақша шаққан дүниелер қатарына жинақтағы әңгімелердің басым бөлігін жатқызуға болады. Оның ішінен «Басқа бермесін деңіз», «Кеспектің кесірі», «Баспалдақ», «Қап!», «Арызыңды жазып кел», «Тырашты танисыз ба?», «Кешірім бола ма?» алмайтындар бар екені рас.


«Әзіл-сықақ әңгімелер мен фельетондар жинағы» деген анықтамасына сәйкес, кітапта «Обалым құрдастарыма», «Әй, ел болайық!», «Айдағы алты күн», «Еркектер елінің құпиясы», «Сұрағына – жауабы» деп атала- тын әдемі әзіл әңгімелер орын алған. Оқушысын күлдіре отырып, ой са- латын әзілдер, негізінен «ойын – арзан, күлкі – қымбат» деген ұстанымды жазылған деп айтуға болады.


Сатира ауылына ат ізін салып, талаптанып жүргендіктен сықақшы шағармашылығы туралы пікір айту оңай емес. Дегенмен жақсы жағын ғана көріп, олқы тұстарын орағытып өтсек, көпе-көрінеу көңіл жықпастық, яки авторға жасалған «қып-қызыл қиянат» болар еді. Әлбетте азу тісі қатайып, қалыптасып қалған қаламгерге талапты қатаңнан қойсақ оған да, оқырманға да ортақ пайдасы болмақ.


Мәселен, жинаққа енгізілген екі-үш әңгіменің, нақтылап айтар бол- сақ, «Деп қалдым», «Ревизор келе жатыр», «Ата-анаға хаттың» авторы біз білетін сатирик С. Кенжеахметов дегенге сене қою қиындау. Алғашқысын- да беделсізге бедірейіп, беделдінің бетінен сүйетін безбүйрек бюрократ- ты мынау бюрократ деп атамай-ақ, ол жағын оқырманның өзіне қалды- ру керек еді. Тәуір басталған дүние аяқ жағында уыстан шығып кеткен. Екінші әңгіме әлі де «ревизиялап», ширатыңқырауды қажет етеді. «Ата- анаға хат» сықақтан гөрі мораль тақырыбына мысал ретінде келтірілген оқиғаға ұқсайды. Онда сықақтау, әжуалау жоқ, ата-ананың қадірін білмеген баланың өз қатесін түсініп, санын соққанын хат формасында баяндайтын аталмыш әңгіме бір көлемді шығарманың үзігі тәрізді қабылданады. Ал


«Жұмбақтағы» жұмбағы шешілмеген Майтоқтың қосымша бір ай демалыс алғанына сенейік пе, сенбейік пе? Сонымен қатар жоғарыда мақтаулылар санатында аталған «Әй, ел болайықтың» соңындағы «Әйелдің бір ауруы – алтын», «Шашы қысқа әйелдің ақылы ұзын болады» деген мақалдар дәл  қасындағы «Сақинасы көп жеңгейдің ақимасы да көп» деген мақалдардың «қолына су құюға» жарамайды.


Әйтсе де мұндай азын-аулақ ақаулар жинақтың жалпы сапасына айта қоярлықтай көлеңке түсіріп тұрған жоқ. Сықақ өлеңдерді өндіріп жазып келген ақынның прозада да жемісті еңбек ете алатынын көрсетіп, С. Кен- жеахметовты жаңа бір қырынан танытқан бұл кітапты оқырман қауым сөзсіз жылы қабылдайды деп сенеміз. Ілгеріде де Қияс, Киқым, Түлен сияқты кейіпкерлерімен талай кездесеріміз хақ, айтпады демеңіз!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу