Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  110


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Қорланған мүсін

Теріс деші мына ісің, теріс деші,
Табиғаттың титімдей періштесі,
Əбес кеткен шебердің қылығының,
Іштей сезіп отырмын келіспесін.
Қалған емес пендеңнің балалығы,
Табиғатқа аш көзді алалығы,
Жаңадан бір құрылық ашқандай-ақ,
Қай пысықтың тапқан бұл жаңалығы?!
Қандай ғана жан екен ісі мұңлы,
«Қоқ салғыш» қып жасапты мүсініңді,
Кімнен ұқты көркеуде сол бір шебер,
Сұлулықты осылай түсінуді.
Қарағандай жаутаңдап бұл бір мүсін,
Əлденеге ашиды құрғыр ішің,
Осығұрша қорлардай, адамзатқа,
Еш залалың жоқ еді-ау, бұлбұл құсым!
Бар жазығың – саяда сайрағаның,
Сан көңілді сергітіп қайрағаның.
Бар жазығың – тазалап табиғатты,
Қорек тауып күніңді алдағаның.
Таңмен сайрап ашасың түндігімді,
Қайда болса бұзбайсың бірлігіңді,
Өзіңменен өзің боп ұшып – қонып,
Қорғаштайсың құйтымдай тірлігіңді.
Құбыжық қып бейнеңді, мерейіңді,
Қоқыспенен толтырдық көмейіңді,
Ашып қойып аузыңа түкірердей,
Бар ма еді əдеп, ілгері не кейінгі?
Бозторғайым, бармақтай базарлым-ау,
Кінəлі боп алдыңда сазардым-ау,
Сені емес, пендеңді қорлап тұр ғой,
«Қоқ шелекке» айналған ажар мынау.
Көзден бұлбұл ұшып бір жыр шағымыз,
Сынар болса жақсы ма нұр сағымыз?
Табиғатты бұлайша қорлағаннан,
Не тəрбие алады, ұрпағымыз!
Жаудыратпай байғұсты босағадан,
«Ұшыра көр» ағайын, осы арадан,
Мұнсыз сəнің келмесе келмей қалсын,
Сұлулықты қорлауды кеше ме адам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу