Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  129


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Демалыс жерінде

Қию болмай өлеңде,
Отырамын елеңдеп,
Бойжеткендер өтеді,
Серілікпен селеңдеп,
Бес уақыт бес көйлек,
Киіп шығар көлбеңдеп.
Қызыл - жасыл не түрлі,
Көбелектер секілді,
Көлбеңдеген құрғырлар,
Дегбірді əбден кетірді,
Сипалаймын қырқылжың,
Əжім басқан бетімді.
Сан жүректі мекендеп,
Жүргенінде секеңдеп,
Өз өртіне лап етіп,
Жанып кетер ме екен деп,
Бір қара құс шеңбектеп,
Алып кетер ме екен деп,
Жанардағы жалғыз шық,
Тамып кетер ме екен деп...
Бибəтима-ау, тапсырам,
Өзің сақта бекемдеп!
Бозша талын жолдағы,
Идірмесе болғаны,
Отқа түсіп қанатын,
Күйдірмесе болғаны,
Қасіретке қара түн,
Сүйдірмесе болғаны.
Ұша берсін жебелеп,
Неше түрлі көбелек,
Гүлі - мынау, Күні - анау,
Оларды кім бөгемек,
...Көбелек шақ өттің-ау,
Не керек - ау, не керек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу