Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  111


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Арасан басындағы айтыс

Жігіт:
Жеңеше-ау, əй жеңеше, сөзімді ұққын,
Жарқ еткен жанарыңа мен бір тұтқын,
Жылтатын өн бойымды дауа бар ма,
Дірдектеп жаңа ғана судан шықтым?
Келіншек:
Жас дəурен -о дағы бір көшкен елес,
Жігітке дірдектеген ештеңе емес,
Желігіп бекер босқа ұрынбашы,
Жылтатын өн бойыңды пеш мен емес.
Жігіт:
Келгем жоқ келіншек іздеп Арасанға,
Біреудің бақытына таласам ба?!
Ешқандай ар жағымда бөтен ой жоқ,
Ұрланып анда-санда қарасам да...
Келіншек:
Соққылап жүрегіңнің барабанын,
Соққан-ау, не қылғаның қарағаның,
Жақпайды ұрлық жолы арасанға,
Əй, қайным, жарамадың, жарамадың.
Жігіт:
Дегенің бекер шығар «жарамадың»,
Қалайша күнə болмақ қарағаным?
Мен емес, нақ айыпты тап өзіңсің,
Жүректі жайын жатқан жараладың.
Келіншек:
Демей ме: «татқан да бір, тойған да бір»,
Соны да білмейсің бе, ойланбағыр!
Санаңды тазалап ал ұшықтатып,
Күнəға батар пенде ойдан да бір.
Əйелдің жанары - пеш, мысы басым,
Жаныңа нұры түссе ысынасың,
Жүрегің жараланса арасан іш,
Жаутаңдап оған несін қысыласың.
Жігіт:
Кім білсін, ойға алу да күнə шығар,
«Күнə» деп кəрілікке кім асығар,
Жас шақта жарасымды əзіл-қалжың,
Өзіндік ақтап алар дұғасы бар.
Сондықтан соқтықпасқа ерте, кеш те,
Жас дəурен жүрген жері өрт емес пе?!
Жүректің түкпіріне түскен ұшқын,
Жазылмас арасанға дерт емес пе?
Келіншек:
Шалықтап «тілек» дедің, «жүрек» дедің,
Жарар ма жыр етпесті жыр еткенің,
Тереңдеп бара жатсың барған сайын,
Кетейін, жылап қалар шыр еткенім.
Жігіт:
Жеңеше - ау, айналайын, тоқта, тоқта,
Шынымен кеткенің бе салып отқа,
Медеу ғып жүретұғын, жанға жылы,
Жақсы əзіл, жалғыз ауыз сөзің жоқ па?
Көйлегің көк сисадан көлбіреген,
«Көмейде айтылмаған сен бір өлең», «Серіні» мен секілді көрген кезде,
Жанарың шоқ шашпай ма мөлдіреген.
Келіншек:
Қара көз отыз жылдай мөлдіреген,
Көрген жоқ сендей сері делбіреген,
Сен болсаң садаға кет, қалған өкіл,
Кешегі серілерден селдіреген.
Күн сайын жылмақтай боп қырынасың,
Қырындап қыз-келіншекке ұрынасың,
Əркімнің маңдайында бір шоғы бар,
Үрлесең өз шоғыңа жылынасың.
Жігіт:
Сабыр ет, бір азғана тоқта, тоқта,
Болмаса, беріп кетер белгің жоқ па.
Қойныңда қос алмаңа қол жеткізсең,
Ырзамын жіберсең де байлап оққа!
Келіншек:
Білгенге əзілдің де жүйесі бар,
Ұстасаң соғар оның киесі бар,
Құрғыр сол, дəметпестен дəметпеші,
Өзінің тиесілі иесі бар.
Болса да кішкене алма - піскен алма,
Топ етіп өзге баққа түскен алма,
Сенің де өз бақшаңда несібең бар,
Əр баққа көзің сатып қапы қалма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу