Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  109


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сезім бұлқынысы

Қонақтай кіріп келіп шақырылмай,
Түсіме неге ендің, апырым-ай,
Сілкінтіп тау-тасымды жайын жатқан,
Сезімім астан-кестең сапырылды-ай!
Сүйді екен сені жар қып қандай ұлан,
Біреу ғой бақ кетпеген маңдайынан,
Түлкінің күшігіндей, беу қарағым,
Бал берген балдай ерін, таңдайынан.
Көлеңдеп көк көйлегің көлбіреген,
Көкейде, жазылмаған сен бір өлең,
Төгілсе қара көзің мөлдіреген,
Тастың да тас жүрегі елжіреген!
Көркіңе мінезің сай жарасымды,
Көремін өн-бойыңнан бар асылды,
Желігіп бой жасаған тентек жүрек,
Тепкілеп көкіректі аласұрды?!
Өтесің қарсы алдымнан көлденеңдей,
Қараймын көзім сүзіп шөлдегендей,
Бұлаңдап бұла бұрым қолын бұлғап,
Бұлықсып шақырады кел дегендей...
Япырмай, қайтсем екен, барсам ба екен,
Лап етіп мынау өртке жансам ба екен,
Тəрк етіп дүниенің бар күйбеңін,
Тоят ап, лəззатына қансам ба екен.
Тағатсыз солай қарай ұшсам ба екен,
Қу нəпсі əлде алдамшы дұшпан ба екен.
Аршыған сарымсақтай аппақ тəнін,
Аймалап өліп - өшіп құшсам ба екен.
Шайтанның жетегіне ерсем бе екен,
Шетінен шайы көрпе енсем бе екен.
Жабықтан Айдың нұрын сығалатып,
Мауыққан от құшақта өлсем бе екен.
Балбырап, бал шырыннан татсам ба екен,
Албырап, алау күйге батсам ба екен,
Масаңдап өң мен түстің арасында,
Жасаңдап былқ-сылқ етіп жатсам ба екен.
Өмірлік жан азабын шексем бе екен,
Өртеніп күл боп жанып кетсем бе екен,
Қаңғырып қамқа қылып қайғы орманын,
Мəңгіріп Мəжнүн болып өтсем бе екен.
Қырқылжың қырық келіп тұнықсыған,
Бастан шақ бұлбұл ұшты бұлықсыған...
Тəңірім:
Кенде етпесін қылықтыдан,
Пенде еткесін - сынықсыман!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу