Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  94


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сезімнің кей сәттері

Аһлап түніменен көз ілмедім,
Атойлап астан-кестең сезімдерім,
Алаңсыз сыртым тымық көрінгенмен,
Алапат бір шайқастың кезіндемін.
Ішімде толғаныстар қақтығысып,
Сезімнің жалтылдайды ақ күмісі,
Кетемін сыймай сол сəт кең əлемге,
Күй кернеп көкіректі қатты қысып.
Мезі қып мимырт жүріс, текірегің,
Текке өткен көп күндерге өкінемін,
Оталатын секілді, қопаратын,
Дəрі тола бөшкедей көкірегім.
Білмеймін нені көксеп, нені іздеймін,
Бұрқанған дауыл күнгі теңіздеймін,
Бусанған бір тыныс бар, сілкініс бар,
Сонда да шыр айналып желі үзбеймін.
Алданбай сыртқы момын бедеріме,
Үңілсең үйірілген тереңіме,
Көрер ең басқа күйді, басқа əлемді,
Кім ұғар кімнің жанын керегі не!
Атойлап астаң - кестең сезімдерім,
Алапат бір шайқастың кезіндемін.
Жанымды тыншытатын дауа қайсы,
Дариға-ай, таппай жүрмін өзім де емін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу