Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  118


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Ақ жаулықты әулие

Самайыңның айналдым ақ қарынан,
Маңдайыңның айналдым қатпарынан.
Не көрмедің, біз үшін не көрмедің,
О, əулием, ақ жүрек ақтарылған.
Қалай жеңдің, қасқайып іс алдында,
Қара сирақ біз үшін күш алдың ба?
Шыныңды айтшы, періште анажаным,
Шыны шайды бес бөлмей іше алдың ба?
Жазмыш салған жазылып жауырыңнан,
Тағдыр салған жеңіліп ауырыңнан.
Бүгінгі таң серпіліп қалдың ба, анам,
Балапандар есейіп бауырыңнан.
Сен шығарып басына белегірдің,
Тұмауратсақ бəйек боп сен егілдің.
Өмір жүгін көтеріп Толағайдай,
Қиындықты қайыспай жеңе білдің.
Ақ қағазға баттаумен құр сияны,
Тындырғандай бос кеуде тырсияды.
Əлі күнге, құдай - ау, асыратып,
Көрсете алмай келеміз бір сый əлі.
Есейсек те қалмайды бала машық,
Сен жоқ күні қарнымыз қалады ашып.
Сен жоқ күні жүреміз жетімсіреп,
Үңірейіп орының алаң ашық.
Бізсіз жерде бір түйір батпаған дəн,
Өз қолыңнан жоқ шығар татпаған дəм.
Күні бүгін мұртымыз едірейіп,
Иіскегіміз кеп тұрар ақ мамаңнан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу