Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  142


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Айтыс - әлемдік сахнада

Еліңнің елдігінен бұл бір белгі,
Шақырған шар тараптан білгірлерді.
Төріне Алматыңның тоғыстырдың,
Шаң жұқпас шашасына дүлдүлдерді.
Жиылып жырау іні, ақын аға,
Мəшһүр боп жақынға да, жатына да,
Қазақтың ошағында қанаттанған,
Айтысым шықты Əлемдік сахнаға!
Майталман тіл мен көмей безенді енді,
Сапырып саумал көл мен өзендерді.
Құрлықты құрлықтарға жалғастырып,
Жақ болса жырлап қалар кезең келді.
Төгілсін ақындардан саулаған сөз,
Жарқ еткен алдаспаннан аумаған сөз.
Аунасын аруағы бабалардың,
Көрсетсін құдіретін лаулаған сөз.
Жаңару жол сап берді еркіндетіп,
Айтысты алты Əлемнен төркіндетіп,
Бабамның төл өнері түлесін бір,
Түндігін Алатаудың желпілдетіп.
Ассалаумағалейкум, дүлдүлдерім,
Жаңғыртты дүниені дүбірлерің.
Қабыл ал, Моңғолия Отанынан,
Құттықтап шын ниетін білдірді елім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу