Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  236


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Мұғалім

Тəрбиелеп халықтың жас ұланын,
Талайларға берген білім бұлағын.
Қадір тұтып, көптен толғап жүр едім,
Сен жайлы бір жыр жазсам деп мүғалім.
Шуылдағың нағыз сонда ағайын,
Тентектің де кездеседі талайы.
Сондықтан да құрдасыңнан ертерек,
Шашың сиреп, ағарады самайың.
Адам жанын адам оңай ұққан ба?
Көрсе сол сəт жарар еді - ау құптарға:
Бар нəріңді сығып беріп шəкіртке,
Соңғы сағат қалжырап бір шыққанда...
Бір шəкіртің жаза басса қадамын,
Ең алдымен сен бересің жауабын.
Мына өмірге бəрінен де қажетсің,
Қажетіндей тірлік үшін ауаның.
Басын иіп, кішігің де ұлығың,
Сенен алар жүрегінің жылуын,
Бірге өтеді мектепте де, үйде де,
Балалардың ортасында ғұмырың.
Сияр сені нендей ұлы десем де,
Туды алдыңнан ақын, ғалым, шешен де.
Анасыз жан болмайтыны секілді,
Мұғалімсіз болған емес көсем де.
Алғы лекте жүресің тек, бір сапта,
Жоқ сенде: шен, лауазым да, мəнсап та.
Сылақтанып, мода, сəн де қумайсың,
Бəз біреудей баса алмайсың алшақтап.
Көп болса да төккен терің борышың,
Бұлдамайсың еңбегіңді ол үшін.
Қоңыр қалта қалпыңнан бір жазбайсың,
Мен өзіңе бас иемін сол үшін,
Құрметтейді ел сол үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу