Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  121


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

оян, далам, ертерек

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық,
Ерте тұрған əйелдің бір ісі артық»-
Ерте аттанған жолаушы жүрісі артық,
Ерте оянған көңілдің тынысы артық.
Сондықтан да ертерек оян, Далам,
Жаңа шыққан шапақпен боял, Далам.
Қашаннан да кеш қалған, аялдаған,
Аялдаған - қанатын жая алмаған.
Ерте тұрып жорыққа сайланбаған,
Қалғуменен күн кешіп майдан далам.
Ғасыр көші алыстап кеткенінде,
Кеш оянып талпынған қайран бабам!
Көшпенділік өмірдің есігінде,
Көп жүріпсің танылмай есімің де.
Есесі бар бабамның ғасырларда,
Енді ешқашан болмайды кешігуге.
Екпініңді көрсетіп қомсынғанға,
Ерлігіңді көрсетіп зорсынғанға.
Гудоктарың боздасын таң сəріден,
Таңсəріден өрісің толсын малға.
Толағайдай күн санап ер жетуге,
Лаулап тұрсын жастығың келбетіңде.
Шаруасы тыңқиған пысықтықты,
Сенен үлгі ап, үйренсін Жер бетінде.
Сондықтан да, ертерек оян, Далам,
Кеш тұрғанның құрсағы тоя алмаған.
Жылдамдық ал ғарышты дүбірлетіп,
Шабысыңнан танбастан Ноян Далам!
Ноян Далам, ертерек оян, Далам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу