Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  147


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сетер тал

Дүние кейде тəтті шекерің-ай,
Қатыгез кейде удай, бекерің-ай.
Қошқыл шың, қотыр тастың арасына,
Қайдан кеп паналадың, Сетерім-ай.
Еңсені көтертпеген езіп күнде,
Кешегі кер заманға кезіктің бе?
Етегін ақ көйлектің бүрген жырып,
Қаштың ба сол түнектен безіп мүлде.
Қайрылмай қара орманды туысыңа,
Тығылдың неге таудың қуысына.
Бұла ару бұлықсыған кезіңде бір,
Түстің бе қаба сақал уысына.
Қор болып шілік шағың сылқылдаған,
Мұңыңды байғұсым-ай, кім тыңдаған.
Сүлбеңді самал келіп тербегенде,
Естимін əлі де өксік сұңқылдаған.
Қандай сыр, қарағым-ай, басыңда екен,
Қан жұтқан қара қошқыл тасың бөтен.
Жас құрақ сұлап жатқан-шашың ба екен,
Тас бұлақ жылап аққан-жасың ба екен?
Қалайша өкпелетті бұл Бұлғының,
Қалайша ерте өтті бұлбұл үнің.
Сетер тал - Сетер ару, серігің кім?
Кешегі құрғыр күнің бұлдыр бүгін.
Ақын ем танығандай кісіні мен,
Жан түгіл тас жүрегін түсініп ем.
Ұрпаққа естелік боп тік шаншылған,
Зарлы өткен арулардың мүсіні ме ең?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу