Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  112


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Ақындар - ауылда

Сағал-сағал Сайырдың қойнауында төбелі,
Сауыншылар аулына жол жетелеп келеді.
Қожашөптер ақ бөрік есіктерден сығалап,
Қарлы мұздақ қасқарып шаңырақтан төнеді.
«Көріскенше айналып қош есен тұр жұртым» деп,
Өртенген Күн жиекке сіңіп кетті біртіндеп,
Берекенің14 желінде он саусағы ойнаса,
Көпіршиді шелекте сауылған сүт күрпілдеп.
Аулағырақ барып ап, желі басы тарлық қып,
Жекпе-жекке шығады бұқалары сарлықтың.
Жиылған соң бар шешен, жиылған соң бар мықтың,
Күйін төгер кешкі ауыл байлық пенен барлықтың.
Арқырайды зіл-зала асау бұлақ долданып,
Қыран отыр тұғырда шаңқ-шаңқ етіп қомданып.
Сілтеп тастап қолдарын өлеңдерін оқыған,
Шабыттарын көрсең-ау ақындардың сондағы.
Ұзын-ұзын желілер Құсжолымен жалғасып,
Жұлдыздарды көгендеп, үйге енді ел жайғасып.
Бата айтады Бронтой15 құрып алып малдасын:
«Етегіңді ұл бассын, есігіңді мал басып».
Мұнан кейін тым алыс Латвияда тұратын,
Өз өлеңін оқыды Иулъдис деген бір ақын.
Бурят Баир, Чимид пен Зуқай, Дорж қосылып,
Сыр боп кетті Сайырың, жыр боп кетті Жыратың.
14 Береке – саңлақ сауыншы 15 Бронтой –Алтайлық ақын
Ақ бұлттармен астасып өлең көшіп күркіреп,
Көкіректе селдейді тасқын атып жыр түлеп.
Плитченко, Ванчаарай тамсанады «шіркін» деп,
Ақындарға жайлауға кету арман бір түнеп!
Гүрілдейді мəңгіріп тау өзінің тілімен,
Дірілдейді жаңғырып арынды өзен үнімен.
Қонағы бар малшы ауыл ұйықтамайды түнімен,
Айтысып көр, жеңеше, ақындардың бірімен.
Қарт сөйлейді: «Бұл Тұлбаң-батыр халық, бай халық,
Тілесеңдер, балалар, біраз тарих айталық.
Анау төменгі етекте жұрты жатыр Хүрээнің,
Сол арада шайқасқан Хасбаатар мен Байкалов...»
Теледидар сөз алды, «Хондо» мотор селкілдеп,
Қылап жеңгей əзілмен қымыз құйды елпілдеп.
Кеңес қызды, жыр қызды, бар дүние еркіндеп,
Жасап қалды Сайыр тау мұз түндігі желпілдеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу