Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  96


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сақта жерді, адамзат!

«Күллі əлем тұрған шақта алаңдап,
Емес бұл сөз саған да жат, маған жат,
Кнопкада13 жұмыр Жердің тағдыры,
Сақ болыңдар, сақ болыңдар, адамзат!»
Көкшіл Əлем оталынсын демесең,
Көк мұхиттар қотарылсын демесең.
Көгілдір Жер көлбең етіп жалғыз сəт,
Асты-үстіне қопарылсын демесең.
Өң болмасын Аспанымда демесең,
Қан қалмасын жас жанымда демесең,
Барлық байлық миллион жылдар жасалған,
Ғайып болсын қас - қағымда демесең.
Ей, пенделер! От бомбамен ойнама,
Жер айналды дəрі тола қоймаға!
Гүл Дүние-күл Дүниеге айналып,
Заманақыр болмайды деп ойлама!
Сол үшін де от бомбамен ойнама,
Қара Жерді қарауылға байлама!
Қара түнек «Жеңіскерсіз апаттың»,
Жеңіскері мен болам деп ойлама!
Болсадағы ала-құла түр-түсі,
Күллі Адамзат-бір кемеде, бір кісі,
Жұлдыз жақтан енді қатер күтпейік,
Жердіңдағы аз емес өз қырқысы.
13 Кнопка – ядролық қаруды іске қосу тетігін меңзеп отыр
Сүрінер болдық ядролық қаруға,
Жол бермеңдер есерлікке баруға!
Тəңіріне оқ кезеген қарақшы,
Аянбайды Жер құрсағын жаруға!
Ей, Адамзат, Жұмыр Жерді сақтаңдар,
Қол көтеріп еш күнəға батпаңдар.
Ана ғой ол, бəрімізге Ана ғой,
Оңған емес өз Анасын атқандар!
Қару бомба Жерді құрсай жасанған
Ол да өзінің топырағынан жасалған.
Түу ғарыштан Жерді жоймақ қаскөйлер
Ол да оның өз ұрпағы қашаннан!
Тірлік сөніп, түнек төніп ақ таңдар,
Қоламтаға айналудан сақтаңдар!
Сатқындықпен жұлдыздарды сағалап,
Қара жерді қарауылға ап жатқан бар.
Ей, Адамзат! Сақта Жерді, сақтаңдар!
Алпауыттар! Кел, байыпта отырып,
Арандатпа қадіріңді кетіріп,
Тарих бойы жеңіп келген əділдік,
Ол бар жерде қоқан-лоқың өтірік!
Жұлдызды əлем сөнетіні өтірік,
Қара бұлттың төнетіні өтірік!
Қасіреттің келетіні өтірік,
Қаскөйліктің жеңетіні өтірік!
Бүгіндері неше дай боп тұрсақ та,
Тірлік мəні-бір мүддеде, бір сапта.
«Жерім бүтін, көгім таза болсын!» деп,
Келер ұрпақ шырқырайды құрсақта.
Сақ бол, Адам! Жаза баспа адасып!
Қас-қағым сəт – «Бар» мен «Жоқтың» арасы,
Қас-қағым сəт – ағып қана түспесін,
Жалқы Жерің – жалғыз ғана қарашық,
Сақта Жерді, күллі адамзат баласы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу