Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  108


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Элегия

I
Бəрі бітті: Сенен менде, менен сенде не қалды,
Үзік-үзік үміттағы түтеленіп жоғалды.
Қоңсы қонып арамызға əзəзілмен ат тұсап,
Мені - қайғы, сені аңсап тұрыпты ғой жат құшақ.
Назданасың əлдекімге, сүйе алмаған сүйіктім,
(Жазық па едің, мен тайғанапшыға алмаған биіктік).
Қайран біздің он сегіздер-ерте солған балауса,
Кешіре көр, қадіріңді біз білмеген алау шақ.
Тек бақытқа жаратылған жан едің-ау, мырза қыз,
Таптың ба сол орыныңды, тапсаң болды, ырзамын.
Қайда кетсең, қайда жүрсең, жүрегімде ақ тілек,
Саған деген өмірімде өтер болам бақ тілеп.
Көргеніңде шаңға батып жатқан гүлді жолдағы,
Аппақ саусақтарыңменен іліп алсаң болғаны.
Қысқаныңда сап-сары ала сағыныштың толғағы,
Сол күндерді, мені де бір, есіңе алсаң болғаны!
II
Менің кермек ерініме сенің дəмің бұйырмай,
Күйік отын өшіруге кетіп барам қиырға.
Қош, қош енді, кербез бикеш, көріспесек қош енді,
Қимас саған қоштастырар жол айрығы осы енді.
Ең болмаса, алданып бір қалсын жүрек-жетімек,
Аттанарда ойнап шықсын жылы шырай бетіңе.
Қайыршының қолына əдей тас тастаған секілді,
Мұздай суық ерніңменен бір сүйкей сал бетімді.
Қоштасарда қолың бұлғап анау белге шыға сал,
Мен «пақырды» мүсіркесең жанарыңды сыға сал.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу