Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  99


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сәбит Мұқановқа

Көзіндей көне асылдың,
Көкірегіне жыр ғашық.
Атомдық мынау ғасырдың,
Алатау сынды құрдасы.
Ғажайып өскен атырап,
Өтіпті - ау қанша майдандар.
Жетіде желген батырақ,
Жетпіске келген пайғамбар...
Табын кеп жылан шаққанда,
Талқандап торын жоқтықтың.
Еніп бір келді ақ таңға,
Сойылын соғып «Шоқпыттың».
Советтік сөзде айбыны,
Жауларын жасқап адуын.
«Жүйткіді қара айғыры». «Алыптың, аттап адымын». «Саяхат» кешті нелер мың, «Шыңнан шыңға» төтелеп.
Цейлонның пілі, Севердің,
«Ақ аюын» жетелеп.
«Тыңда тұнған байлығы»,
Қарсы алып «Қазақ даласы».
Бəйек боп атын байлады,
«Бақташының баласы».
«Сырдарияны» жағалап,
«Ботагөз» қызбен кеткенде.
«Сұлушаш» ару сағалап,
Көз тігіп жүрген көк белде.
Пайғамбар жасын асқанда,
Қырындап барып неше күз.
«Жұпарханды»
8 ала қашқанда,
Қызғанып қапты шешеміз.
Өлеңмен тербеп ұл - қызын,
«Өмір мектебін» ашқанда.
Арқалап «Аққан жұлдызын»,
Алып бір шықты аспанға.
Ортаймас көңіл тау - заңғар,
Қартаймас қалам толғаса.
Жетпіс рет жауған қар,
Самайдағы ақ болмаса...
Дəуірдің мынау сырлары,
Көзіндей көне асылдың.
О, шежіре - жыр басы,
Жасаңыз жасын ғасырдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу