Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  111


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Кеш

Қой жамырап қора шуға толғанда,
Бие бауды ағытар шақ болғанда.
Көк төсінен үзіліп кеп шоқтай өрт,
Көк жиектің шоқтығына қонғанда.
Боз жусанның ащы исіне қапалап,
Кешкі ауаны жұтады қыр қаталап.
Тас төбеде тік шаншылып қалады,
Азаншыдай жапалақ.
Ауыл шеті, қыр басында осы уақ,
Ақ сақалды күрек қолмен көсіп ап,
Е, балалар, не көрмедік,- деп алып,
Əңгімесін бастап кетер сосын-ақ.
Бастап кетер балаң шағын, көктемін,
Бастап кетер от жылдарын өткенін.
Тең тебіскен құрбыларынан айрылып,
Мынау күнге селдіреп кеп жеткенін.
Бəйге шапқан, бесті асау үйреткен,
Көкпар тартып, құрық, сойыл сүйреткен.
Көн етігін көтере алмас мынау шал,
Өз кезінде жауларын сан күйреткен.
Қау сақалы, дəу сақалы қыраулап,
Қыр басында тұрар бір сəт сыр аулап.
Тізбек-тізбек тырна өтіп барады,
«Ассалаумағалейкум»-деп тыраулап.
Қарап қалар сүйеніп ақ таяққа,
Əңгіме де бітпей қалар аяқтап.
Тізбектеліп барады өтіп бір дəурен,
Тізбектеліп барады өтіп ай, апта.
Тарлан көңіл сол сəт сеңдей бұзылды,
Боз жанардан бор кемік жас үзілді:
«Қанаттарын бұлғай-бұлғай тырна-өмір,
Барады ұрлап сексенінші күзімді».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу