Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  136


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Концерт беташары

Сəлем беріп қадір тұта есімін,
Ақ жүректің аштық келіп есігін.
Армысыздар, құрбы-құрдас, ағайын,
Оу, армысың, əсем Өлгий бесігім?
Барша халқым бар үнімен келіп тұр,
Дархан жүрек дарынымен келіп тұр.
Ақбас Алтай өрлігімен келіп тұр,
Асау Бұлғын арынымен келіп тұр.
Көшелері көзді тарта жарасып,
Тал, терегі көшкен бұлтпен таласып.
Əніменен, сəніменен келіп тұр,
Қанат жайған «Жаргалант» қалашық.
Көңілдерге көктем туып гүлдесін,
Даңқымызды қандай адам білмесін.
Елтым мен «Салтанатым» келіп тұр,
Жеңіп алған республика жүлдесін.
Əрбір таңын сауықпенен атырған,
Саба-саба сары қымыз сапырған.
Күміс көлді кең жайлаулар келіп тұр,
Ойда-бұлбұл, қырда көкек шақырған.
Бақ дəулетті бірдей етіп үлескен,
Қиындыққа қатар тұрып күрескен.
Ағайындас урианхай-қазақ келіп тұр,
Тай-құлындай асыр салып бір өскен.
Туы қолда алғы күнге бастаған,
Өрен елдің өрі бар ма аспаған.
Еңбегімен ер көңілін паш етіп,
Ал шырқалсын, алдарыңда асқақ əн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу