Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  99


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Тойға шашу

Таулы Бұлғын, ойлы Бұлғын, түз Бұлғын,
Көктем Бұлғын, көк өрім тал жүз Бұлғын.
Жұпар Бұлғын, жұмақ Бұлғын, жыр Бұлғын,
Қызық Бұлғын, қымыз Бұлғын, қыз Бұлғын.
Халқың сенің сындырмады сағыңды,
Қала орнап ақтылы қой ағылды.
Желпініп қал, мақтан етіп бағыңды,
Серпіліп қал, төсіңе орден тағылды!
Желпінетін, серпілетін келді күн,
Жарасады не істесең де сен бүгін.
Мынау мерей жерім, сенің ерлігің,
Мынау жеңіс - елім, сенің елдігің.
«Алтын жұлдыз» - ащы терің, ерлігің,
Сен шаттанбай, шаттанады енді кім?
Мен шаттанбай, шаттанады енді кім,
Жыр кезегін, əн кезегін бер бүгін...
Тауларыңның баурында мынау ақ маңдай,
Ертегінің батырлары өмір сүріп жатқандай.
Бұлғыным менің, мақтанышым мерейім,
Өлкемсің сен тақсаң орден таққандай.
Сенің жарқын пешенеңе бағы бар,
Көре алмай да қарайтындар табылар.
Өшірмекке алтын жұлдыз бейнесін,
Арғы бетте күндеп, тілдеп сабылар.
Халқым, сенің қажырыңмен жайнады,
Отанымның осынау шет аймағы.
Саған қарап дұшпан қанша күйінсе,
Сенің сонша өскеніңнің айғағы!...
Ақ жүректің ашып тастап жаймасын,
Еңбегінің көрген бүгін пайдасын.
Ақ сақалды аталарым, қайдасың?
Ақ жаулықты аналарым, қайдасың?
«Əкелердің шақшасы мен найы ортақ,
Шешелердің шүйірмегі мен шайы ортақ».
Монгол - қазақ табысқаным, қайдасың?
Апай төсті арыстарым, қайдасың?
Қыздырыңдар той - думанды қайнасын,
«Салтанаттың» салтанаты жайнасын!
Күміс көмей жеңгелерім, қайдасың?
Құрыш білек жезделерім, қайдасың?
Бұлғын бойы бұлбұл біткен сайрасын,
Қарап тұрсын керіп тастап Ай қасын.
Шат күлкіден бір де жан шет қалмасын,
Сері жігіт, сұлу қыздар, қайдасың?
Туған жердің даңққа бөлеп есімін,
«Алтын жұлдыз» ашқан күні есігін.
Ақбас Алтай, бір жасасаң несі мін,
Асау Бұлғын, бір тасысаң несі мін?!
Қане, достар, еңбек тойын жасайық,
Көкіректің күй сандығын ашайық.
Отан өзі шалқытқан соң бүгін күн,
Осылай бір шалқып қалсақ несі айып?!
Ел еңбегін бағаладың, сен Отан,
Рахмет, мерейлі Отан, кең Отан.
Сеніміңді ақтаймыз біз, көр, Отан,
Ұл-қызыңа, Бұлғыныңа сен, Отан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу