Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  143


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Бұла бұлғын

Бұлғыным – мейірім-ай, ырысым-ай,
Сен мені шайқап едің жыр үшін-ай.
Өзіңдей бір сұлу жыр жаза алмасам,
О, менің ақындығым құрысын-ай...
Асқақ шың екі жағың мінгесіп бір,
Аспанмен тал, терегің тілдесіп тұр.
Алтын түстес бұрымы тарқатылып,
Ақ қайың тізесінен су кешіп тұр.
Төсіңді таспа жолдар кесіп өтіп,
Барады бағаналар көші кетіп.
Арындап асау толқын асығады,
Арудай сүйгенінен кешігетін.
Бұлғыным, мөлдірім-ай, тұнығым-ай,
Суыңнан жұтайыншы құнығып-ай.
Көгілдір иіріміңде дір-дір етіп,
Көлкіген айдың жарты сынығын-ай!
Сылдыр үн сылаңдаған қарағым-ай,
Күміс көмей бір қызға баладым-ай.
Қойныңа қойып кетіп айқассам да,
Қана алмай лəззатыңа барамын-ай.
Қаз қонған жағалауың қара су-ай,
Қаптаған қалың малмен жарасып-ай.
Естіліп сыңғыр-сыңғыр «Сырғаң» үні,
Бұлықсып қайда кетіп барасың-ай?!
Бұлғыным, баба жолды сыйласым-ай,
Бар мұра, бар байлығым, қимасым-ай.
Сенің тұнық көркіңе көз алартып,
Лайланып еш арна құймасын-ай.
Суыңа сұғынамын сырадай-ақ,
Əкемнен жеке тиген мұрадай-ақ.
Сен асырап келесің тəмам елді,
Қызыл тиын ақы-пұл сұрамай-ақ.
Татиды суың балдай таңдайыма,
Өзгенің баламаймын қандайына.
О, сені мөлдіретіп бере сапты-ау,
Айналайын табиғат маңдайыма.
Өзгенің қай көркіне таласып ем,
Не қыламын: саясын, даласымен.
Сен ағып жатсаң болды көз алдымда,
Сеңгір-сеңгір таулардың арасымен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу