Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  98


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Оңай олжа

Бодық есіп отыр,
Көкейін Əдебиетшілік тесіп отыр.
Ойы кетіп он бөлек,
Өз заңынша толғанып,
Отыр - ау, шіркін, дөңгелеп:
--Сонда неден бастар ем...
Əуелі ме, əуелі:
Шағын ғана көлемді,
Нелер ғажап өлеңді,
Бір жарымын мұзға арнап,
Бір жарымын құзға арнап,
Бір жарымын қызға арнап,
Қойшы, əлемді жүз барлап,
Жазып қана тастар ем!
Онан соң ба... онан соң,
Ол да бізден асқан ба:
Жаза салмай немене,
Поэма да, дастан да!...
Иə, жаздым, жаңылдым,
Əжептəуір «ақынмын».
Шыға қалсам, əй, тегі,
«Ақын келе жатыр» - деп.
Елпектемей қайтеді!
Қой, оны сұрама...
Айтсадағы драма?!
Пьеса я көрініс.
Жазудағы көрім іс,
Дегенмен нақ дөкейлер,
Бір жанрда тұра ма...
Əй, осы проза!
Бəрінен де тұр оза.
Сонда неден бастар ем!...
Ең əуелі мол етіп,
Мақала жазып тастар ем,
\Мұнан соң ба,
о да оңай.
Əңгіме жазам сомадай!
Апыр-ау... əңгіме, əңгіме...
Атыңызды сол соққан,
Қалдыра ала ма мəңгіге?
Қой, өйтіп мəңгіме!
Қайдағы біреу құсап мен,
Айналысып ұсақпен,
Не түседі құр одан.
Басымды көп қатырмай,
Жазсам ба екен роман.
Міне, міне, батыл ой,
Пісіп тұрған ақыл ғой.
Атақ та сонда, бақ сонда!
Ақша деген нақ сонда!
-Деп саралап, даралап,
Роман жазуды толғады.
Бірақта... бір шатағы,
Сөйлем құрай алмады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу