Өлеңдер ✍️

  31.05.2022
  156


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

«Сен ар жақта, Қалқатай...»

«Сен ар жақта, қалқатай, мен бер жақта,
Кер арғымақ шұлғиды бау - шарбақта»...
Кер арғымақ шұлғытқан қайран жастық,
Қыз дүниенің қызығын тауыса алмақ па?
Еміс-еміс естіліп даусың маған,
Қаз ұшады қасымнан саусылдаған.
Арғы жақта көлеңдеп көк көйлегің,
Көп тұрдың-ау, қарағым, саусың ба аман?
Күміс сырға дірілдеп құлағыңда,
Көп отырдың көз тігіп құла ағынға.
Аспан сынды... апырай, күрсіндің-ау,
Бұлт егілді... немене, жыладың ба?
Өшер-өшпес ізің қап бұла құмда,
Есер-еспес ызың қап құлағымда.
Ғайып болдың онан соң қайырылмадың,
Қайырылмадың, дариға-ай, құла ағынға...
Бер жақ қалды аңсаумен ататұғын,
Ар жақ қалды қия алмай, бататұғын...
Қос асықты қақ бөліп, қашаннан-ақ,
Бір өткелсіз дария жататұғын.
Жата берсін, еңсеңді кішіктетпей,
Өзен екеш өзен де ісіп-кеппей.
Арғы жақтан қолыңды бір бұлғасаң,
Ер жігітке, немене, түсіп кетпей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу