Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  94


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Айхай русь

Айхай Русь, тербетіп өлеңіммен,
Нар төсіңді қақ тіліп келемін мен.
Ақ бөкендер артында шаңдақ қалып,
Жоқ болады, қылт етіп белегірден.
Артта қалды жаудырап арқа тұнып,
Аттандырып салғандай қалқа тұрып.
Самырсындар сайды өрлеп бара жатыр,
Самал сүйген бұрымы тарқатылып.
Қалып жатыр жанардан үзіліп қыр,
Күн қолтықтап, таз шыңдар сүзіліп тұр.
Көк теректер көлбеңдеп жүгіреді,
Шешекеге шыққандай тізіліп бір.
Ақ қайыңдар - арулар қыр алдында,
Сұлулық-ай мойнымды бұра алдым ба?
Жел кеулеген көйлегі көтеріліп,
Ақ балтыры жарқырап тұр алдымда...
Көк жиектен көтеріп таң балағын,
Тайга көшіп келеді таңдана күн.
Күміс моншақ қонады жағаға ыршып,
Езуінен көк жалды Ангараның.
Енді бір сəт: көл анау ырықты алған,
Тас аяқта тамшыдай тұнып қалған.
Көкпеңбек аспанында түтеленіп,
Көшпей, қонбай ақ бұлттар тұрып қалған!
Баста мені, болат жол, жайтаң қағып,
Қарағанша жиектен ай таң қалып.
Братскіден шықты əне от арқалап,
Жез бұйдалы бағандар қайқаң қағып.
Дамылдайын, гудоктар боздағанша,
Сирень басын таң лебі қозғағанша.
Қайран Тайга-ай, көсіліп жатайын бір,
Алқа-салқа, жусан төс боз даламша.
Жүрем ерте, үнімен таңғы малшы,
Жапырақ алақанда қалғыған шық.
Уа, Есенин! Бір қара ұл келеді аңсап,
Бидай шашың жалтылдап алдынан шық!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу