Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  92


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Оралу

Сыңсуменен тастап кейін жетімді
Сыңар қайтқан ару ана секілді.
Жүрегімді сағынышым сүйрелеп,
Сортаң жаспен жуып келем бетімді.
Қолын бұлғап бір қыраттан, бір қырат.
Барады асып қасқа жолдар бұрқырап.
Бабам жері-ай, бірге біткен кіндігі,
Өлгенде бас, тірлігінде жұрты қап.
Қанша пендең қиыр кетіп, шат мекен,
Мендей болып сағынышқа батты екен?
Жарасымың жаннан өткен бір сурет,
Қара суың балдан өткен тəтті екен.
Қадіріңді білдім мынау жалғанда,
Аңсау менен ақ көкірегім толғанда.
Қанатына сенен ұшқан құстардың,
Қарай-қарай қара көзім талғанда...
Қимастығын езе-езе еңсені,
Құстай ұшып аңсап келем мен сені.
Жұдырықтай жүрегімнің сазына,
Жұмыр жер тұр теңселіп!
Қарсы алдымнан айғай салып ақ бұлақ,
Інімменен жарыса шық шапқылап.
Көкшіл шыңдар көзің тігіп қатып қал,
Сары белдер, сағымданып жат құлап.
Асау бұлақ ақ гүлдерің тосқанда ап,
Сағынышымды беріп келем мысқалдап.
Жүргізбейді шаңқан көңіл шалдарың,
Құшақ жайып, құрақ ұшқан дос жолда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу