Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  96


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Ана сәлемі

Көпке кеттің, ұзап кеттің шеткері,
Аңсап жүрмін, бір иіскейін, кет келіп.
Төлім, саған саулық тілеп жатамын,
Ұзақ таңды кірпік ілмей өткеріп.
Жыл құсындай, аулыңа бір кет келіп.
Көкешіңнің көңілі қалсын биіктеп,
Ініңнің кеп маңдайынан сүйіп кет.
Қарттар сөгер «Жөн білмейтін шірік» деп,
Сəлем беріп, басыңды бір иіп кет.
Күнім, саған айтатын бір сырым бар,
Көрініп кет зар боп жүрген түрім бар.
Атқа мініп, ауа жұтып, ақ ішіп,
Жеп кет, жаным, сақтап жүрген сүрім бар.
Кеп кет тыңдап, айтатын бір сырым бар...
Жан көкешің атына өзі ұшып жүр,
Анаңды да кəрілік кеп қысып жүр.
Ажар кемпір жасап қалды келін ап,
Айша шешең немересін құшып жүр,
Жан анаңды кəрілік кеп қысып жүр.
Көзін тігіп көрген пенде қызығар,
Көршіміздің бір тамаша қызы бар.
Саған деген сол бақшада алма тұр,
Қарашығым, аялап кеп үзіп ал,
Туған жерден əркімнің нан-тұзы бар...
Көпке кеттің, ұзап кеттің шеткері,
Аңсап жүрмін, айды жылдай өткеріп.
Оқу сорып, шаршап, сырқап жүрсің бе.
Алаң болам түсімде де көп көріп,
Құлыншағым, аулыңа бір кет келіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу