Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  94


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Қызғаныш

Батар күннің шапағымен нұрланып,
Көктеменің көк жиегі тұр жанып.
Сен біреумен кетіп бара жатасың,
Қызғанышпен қарап тұрам ұрланып.
Ертеңінде жаныңа кеп-шырайлым,
Дидарыңа шырмаламын нұр айдың.
Ішім алау,
Сыр білдірмей əзілмен.
Шет жағалап сұраймын.
Сол бір сəтте тына қалар бақ мына,
Сен сəл ғана қызарасың аптыға.
Ағаң болып, құдаң болып шығады,
Мен қайтамын, бұлай қайту шаттық, ə?
...Самал есіп, бұлбұл сайрап жыр малып,
Бозша талдар иілгенде ырғалып.
Сен біреумен кетіп бара жатасың,
Күрсіне бір қарап қалам ұрланып.
Жасып қалған жанарымды бұраймын,
Үнсіз ғана жаныңа кеп-шырайлым.
Күйіп тұрып қызғаныштың өртінен,
Күліп тұрып сұраймын.
Сол бір сəтте тына қалар қайран бақ,
Сен қаласың сəл қысылып қайраңдап.
Жездең болып, жерлесің боп шығады,
Мен қайтамын жайраңдап...
Мынау үнді-ай, тыңдар болсаң, əй, таңым,
Мынау гүлді-ай, жырлар болсаң, айт əнін.
Мен қайтамын күдік құсын атқылап,
Тек бөгде жан болмасын деп қайтамын.
...Ай қарайды, қараса, нұр тарайды,
Дəл өзіңнің ай жүзіңдей арайлы.
Мен сенімен кетіп бара жатамын,
Бір бөгде қыз ұрлана кеп қарайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу