Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  98


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Сен бір сəуле, ойнаған нұршыл өңің

Сен бір сəуле, ойнаған нұршыл өңің,
Қас жанымда жарқылдап жүрші менің.
Қиыс кетсең түнек төс бір қара бұлт,
Жаба салардай болып түршігемін.
Сен бір шарап шайқалмас сыршыл едің,
Тұп-тұнық боп алдымда тұршы менің.
Көз жазсам, бір есуас мөлдіретіп,
Ақтара салатындай түршігемін.
Көкше талға көктеген бүршік едің,
Жап-жасыл боп саямда тұршы менің.
Бір тас жүрек езілтіп табанымен,
Таптап кетер ме екен деп түршігемін.
Сенің күнің тал түсте батпасын деп,
Сенің гүлің тапталып жатпасын деп.
Мендегі махаббат па екен түршігетін.
Қимастық па екен күрсінетін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу