Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  140


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Туған жер

О, менің өскен жерім-бай алабым,
Тербедің бесік болып, аяладың.
Өзіңнен сүтін берген, күтім берген,
Күніне мың мəртебе айналамын.
О, менің мейірбанды бай алабым!
Ғасырлар қасіретін артыпты адам,
Туған жер сол үшін де артық маған.
Өзің боп қарашығым, аяласам,
Ал бірде бермесіңді тартып та алам!
Туған жер сол үшін де артық маған!
Тауларың сақтаушыдай қарап қырдан,
Əскердей, орманың тұр, парад құрған.
Құрағың желге иіліп майысады.
Сұлудай сүмбіл шашын тарап тұрған.
Туған жер, таңданамын қарап қырдан.
Өзіңнен өшпес бақыт құшамын да,
Ақын боп тебіренем құшағыңда.
Сұңқар боп қанат қағып ұшамын да,
Батыр боп ерік берем күш-ағынға,
Туған жер, тек өзіңнің құшағыңда.
Жер жұмыр бейнесінде тоқтауы үшін,
Енді еш қанды құйын соқпауы шын.
Туған жер қасиетті кең кеудеңнен,
Ешбір зар айтылмасын жоқтау үшін.
Ешбір жан естімесін оқ дауысын!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу