Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  124


Автор: Марат Нұрқалиев

Елігім, еркем!

Күлкі қылып өткен-кеткен,
Маңдайымды көп терлеткен,
Елігім-ау, еркем менің,
Дауысың-ай өктем неткен.
Қайырмасы:
Жан дауасы сенен деймін,
Сенсіз жүрсем «өлем» деймін.
Бір күн қуып шыға ма деп,
Елігім-ау, елеңдеймін!
Суық болды нұрлы көздер,
Ұшып болды жылы сөздер.
Елігім-ау, қайда кетті
Ертегідей сол бір кездер.
Қайырмасы.
«Фигурамды сақтаймын», – деп,
Шықтың: «Бала таппаймын», – деп.
Жаратқаннан жалбарынам,
«Қу бастықтан сақтай гөр», – деп.
Қайырмасы.
Елігім-ау, күндіз-түні
Ойлайтыным сенің қамың.
Қажыдым ғой зырыл қағып,
Шыға алмай жүр шыбын жаным.
Қайырмасы.
Сырғаң болып тағылайын,
Помадаң боп жағылайын.
Әттең, өмір барады өтіп,
Сонша зарлап неғылайын!
Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу