Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  79


Автор: Марат Нұрқалиев

Сырқаттың сыры

Бір науқастың
Қан қысымы түспей қойды,
Үйінен әкелгені болмаса,
Аурухананың асын
ішпей қойды.
Сонда да жүдейтін түрі жоқ,
«Ойбай, өліп барамнан» басқа
«жыры» жоқ.
Табанына жылытқыш,
Маңдайына мұз басылды,
Құяңына
Қыздырылған тұз басылды.
Дәрінің құрғағы да, сұйығы да,
Уколдың ыстығы да, суығы да
Сабазға әсер етер емес...
Күнде мәслихат, күнде кеңес,
Дәрігерлердің басы қатты.
Жиылып алып,
«Бұл қалай?» – деп асық атты:
– Басың ауыра ма?
– Ойбай, сынып барады!
– Жүрегің қабына ма?
– Прямо тұрып қалады.
– Бауырың бұлқынбай ма?
– Өті жайылып,
Іріп кеткен шығар...
– Ішегің шиқылдай ма?
– Жіп болып
Шіріп кеткен шығар...
– Өкпең сырылдай ма?
– Ішіне мысық
Кіріп кеткен шығар...
– Омыртқаң ұлып,
Бүйрегің бүре ме?
– Бүрмек түгіл,
Ит боп үреді!..
... – Жолдастар,
Босқа бал ашуды қою керек,
Дертін анықтау үшін,
Бұл сырқатты сою керек! –
Дегенде бас дәрігер
Әлгі әбігер
Талып қала жаздады,
Шын мәнінде
Инфарк алып қала жаздады.
– Ойбай, мені колхозға
Көмекке жіберетін еді,
Соған енді
«Жарамайтын еді!»
Деген бюллетенді
Бере қойсаңдар, өзім-ақ
Жасар ем емді, –
Деп ағынан жарылды...
Енді дәрігерлердің
Жүректері қысылып,
Тыныстары тарылды!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу