Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  93


Автор: Марат Нұрқалиев

Өй, аз-за-ма-а-ат!

– Ал, бала,
Көзді жұм да тартып жібер!
Тастап алсаң,
Көңілің шалқып жүрер.
Өзің жерде,
Қиялың көкте қалқып жүрер.
Сен уже
Бала емессің былжыраған,
Шал да емессің
Қажыған, қалжыраған.
Тартып жібер, сарайың ашылады,
Дәнеңе де кетпейді
жүз грамнан...
Өй, азамат!
Тағы бірін қағып сал тоқтамастан,
Сыңар аяқ боласың жұптамасаң.
Байқайсың ба,
Дүние гүл-гүл жайнап,
Сала берер «ақаңнан»
ұрттап алсаң.
Өй, аз-замат!
Ал мынаны сенің денсаулығыңа...
Ал мынау менің денсаулығыма...
Өй, аз-за-ма-а-ат!
– Ағ-ға, осымен
Жа-жаман інің бітті...
– Тәйт, өйдеме,
Жігіт емессің бе мықты!
Мына жаман ағаңды
Сыйлайтының рас болса,
Көңілін қимайтының рас болса,
Тағы бір жүзді алып қой!
– ... ық!
– Нешауа,
Закөскіміз балық қой!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу