Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  162


Автор: Серік Боқан

Отанды аңсау

Америка құрлығы отан емес ол үшін,
Білгенімен қаншама өрі менен еңісін,
Талай жылдар өмірден уаз кешіп жерісін,
О, туған жер қиырдан жүрегінің емісің!
Мұңға толы осы бір қыркүйектің құшағы,
Тырналар мен кептерлер күн шығысқа ұшады.
Еркіндіктің шындығы көкжиекке сіңуде...
Көзін сүртер мұңлы ақын бостандығы тұсаулы.
Тұтқын үшін не жазды күтетұғын мырзалық,
Көтеретін сорлыны төбесіне бір халық.
Еркіндікке бұлқыныс, соңғы ғана сағаттар,
Соңғы күшін жиюда, қалдыруға жыр жазып.
Сөз айтуға бір ауыз, икемі жоқ еріннің,
Күбірлейді ішінен мұңын айтып елінің.
Өлеңінің соңына қойғанан соң бір нүкте,
Өмір бойы сенетін жойды жалғыз сенімін.
Ол сезінді бостандық əуендерден орын ап,
Тек түсінде көріпті сүйгенінің қолын ап,
Із соқтырған соңгы үміт – отан деген ақиқат,
Шындық жалғыз ол үшін қиялынан орын ап.
Тербетуде ақынды құшағында ұлы түн,
Əлсіреген жанымен сөндіруде үмітін.
Парасаттың тым биік тапқырланған сорына,
Рухты қамаған абақтылар құрысын!
Өмір сүрді минуттың жанарында қас-қағым,
Кешіп жүрді Алтайдың белуардан ақ қарын.
Өлім күйі тербеді үміттерін жер қылып,
Көкжиектен бір сəуле көрді соңғы аққанын...
«Романтика бір шумақ» бара жатты сызылып...
Өлең болып оқылар еркін құстар тізіліп.
Миығында мысқылдың іреңі бар тым ащщы...
Аянышты ғазалдан өмір тұрды сырылып.
Жазды соңғы өлеңін жүректің соңғы қанымен,
Үзілуге шақ қалған тəннің соңғы жанымен.
Кісен қиған аяғы жете алмады еліне,
Жазды соңғы өлеңін шынжырлардың сазымен..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу