Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  225


Автор: Руслан Нұрбай

Ғасырдың жыл құстары

Сендерге жыр, бабама құрмет білем,
Қазақ десе Сақ, Оғыз, Ғұн деп білем.
Көк Түріктің ұрпағы Күлтегінмен,
Біліктідей тарадың шын тектіден.
«Елім-айдан» егіліп мұң төгілген,
Аман қалдық қырық қырғын, мың тепкіден,
О, достарым сендерге жыр-шеріммен
Жан-жүрегім ашылып, сыр шертті кең.
Шырылдаған үн бітіп шымшық тілге,
Туысты іздеп тұрмадың тыңшып мүлде.
Дешті Қыпшақ сендерді зорға күткен,
Қанатына хат байлап бүркіттің де.
Сол ғасырлар қайтейін сорға біткен,
Жақыныңнан жат кеттің үркіп түнде,
Өзің жеңген кешегі торғауытпен.
Қолтығына тығылдың шүршіттің де.
Дей алман бəрін айтып болды өлеңім
Алтай-анау, асудан жол көремін,
Орхон-анау, қолдасын Білге қаған.
Қара тасты тозбайтын тон дер едім,
Мекенің моңғол жерін тілге салам.
Бұлғын, Сеңгіл, арналы Қобда өзенін,
Тектілер-ау мұңымды кімге шағам,
Оралып шаттыққа бір толды өзегім.
Қыраным жұр қалықтап ұшып көкте,
Қара нар қара жерді құшып шөккен.
Құдірет көңіл бөлсін қазаққа да,
Басынан кетпей қойды-ау ұшық көптен.
Талайы қысық көз деп мазақтаған,
Жылай-жылай қабағым ісіп кеткен.
Мен бүгін көк бөріге наз ақтарам,
Біз неге дос боламыз мысық-текпен.
Қайтеміз қарт-тарихты текке күндеп,
Өршімесін қайтадан өткен індет.
Ғасырдың өтті күзі, сұм қыстары,
Оралдың мекеніңе көктемің кеп,
Сендерсің заманың жыл құстары,
Атажұрт аңсап қонған көк белім деп.
Ашылды ақ-сарының қылмыстары,
Айыпқа жаптым жырдың шекпенін кеп.
Күннен жылу тосқан ел, айдан мерей,
Мұнда қазақ жүр «қымыз, айран» демей.
Балдырғанды бесікке бұрыс бөліп,
Балмұздаққа жүгірді майдан жемей.
Батыстың бұзық əнін дұрыс демек,
Өкпе өшті, тіл талды, ойран көмей.
Қазаққа рухани ырыс керек,
Жəрдемге келдің жақсы найман-керей.
Тілің бөлек, сыр бөлек, жұмыс бөлек,
Біріңе-бірің енді «ойлан!» демей.
Елің-азат, тілің-бай, аузыңда ерік,
Енді ашамыз бірліктің қауызын керіп,
Моңғол, Қытай, Иран деп аулақ қалма,
Бəріңді де ағайын бауырым дедік.
Шауып сауын айтар ем сан жақтарға,
Тұрғаны ғой əттең-ай таудың бөліп.
Аңсап жете алмаған аруақтарға
Алақан жай, Алашым!
«Аумин» делік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу