Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  223


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Домалақ ана туралы жыр

Аруағыңнан айналдым алтын анам,
Ақ күнбезің алыстан жарқыраған.
Сенен туып тараған, өркендегең
Тілегім сол болсыншы халқым аман.
Халқым аман тұрғанда, халқым аман,
Қымбат қой қайта оралған салты маған.
Ақын боп ұлыларды жырламасам,
Бұл өмірдің бес тыйын парқы маған.
Ұлылықты үлгі етіп болашаққа,
Жарасады ананың ақ күмбезін,
Сәулетті етіп алтынға орасақ та.
Біз өткенге қалайша көз жүгіртсек,
Бізге солай зер салар болашақта.
Сонау өткен заманда,
Адам қас боп адамға.
Бір-біріне шүйлігіп,
Мұз шеңгілін салғанда.
Бақталастық, қанды-кек,
Содан бәлкім қалған ба?
Ақ пен қара алысқан,
Не болмаған жалғанда.
Біле ме екен бұл адам,
Қайғысын тартып азаптың.
12 миллион қазақтың, 6-дан бірін құраған.


Домалақ ана ұрпағы,
Жар болып ана әруағы.
Көбейеді бұл тағы,
Киелі түркі елінде.
Екінші Мекке жерінде,
Нұрила атты бой жеткен.
Бұралып талдай өсіпті, Жастық шақтың кезінде.
Қызықты дәурен кешіпті, Балиғат жасқа жеткенде.
Балалық қылық, бал қылық,
Алыстап бұдан кеткенде.
Түсінде көріп ғажапты,
Көбейтесің деп қазақты.
ҚЫЗЫР баба көрініп,
Ескертіпті былай деп,
Еркелеп өскен ерке едің.
Еліңнің сұлу көркі едің,
Ойлатын көзге жетіпсің,
Бүгіні мен ертеңін. Кім ұстаса қолыңнан
Сонымен өссін өркенің.
Арайлап таңның шапағы,
Көп өтпей таң да атады.
Күндердің, шіркің күнінде,
Шелегін алып асығып,
Бет пердесін жауып ап,
Бейнесін жұрттан жасырып.
Құдыққа қауға салам деп,
Нұрила сұлу жетіпті.
Қауғаны тарта бергенде,
Тегеуріне шыдамай,
Жазымышымен тағдырдың
Құдыққа түсіп кетіпті.
Осы кезде жауынгер,
Қол бастаған Бәйдібек.
Сарбазымен қаптаған
Ыстық күнде аптаған
Жазымышымен тағдырдың,
Бұл да келіп жетіпті.
Су ішуге иіліп,
Бүкіл сарбаз жиылып.
Суға тастап қауғаны,
Қызды көзі шалыпты.
Адам әлде, пері деп,
Бәрі аң-таң қалыпты.
Қайта тастап қауғаны,
Қалш-қалш етіп сау жаны,
Қауға ұстаған аруды,
Батыр іліп алыпты.
Түбі терең құдықтың,
Ернеуінен шығарда, Батыр ұстап білегін.
Шымырлатып жүрегін.
Сол батырдың есімін
Ұялды қыз сұрауға.
Батыр кетті қол бастап
Қанатын жайды қара түн.
Өмірге жүрген жол бастап,
Бәйдібек батыр болатын.
Бәйдібектен тараған,
Елін қорғап майданда
Шайқасуға жараған.
Жарықшақтай перзентін
Нар жігітке балаған
Одан туған Албанды
Және Суан, Дулатты. Алып келіп дүниеге,
Дүйім жүртты шулатты.
Бүкіл әлем кезсең де,
Домалақтай ардақты, 2 миллион ұлы бар.
Әруақты ана тумапты.
Батырлық ерлік дарыған
Бәйдібек өтті жалғаннан.
Ащы жас жүзді қарыған,
Құтылған бар ма салғаннан.
Аттанар шағы жеткенше
Көзден нұры кеткенше
Мекен етіп Тәшкентті
Домалақ атты анамыз,
Түс көреді тағы да,
Соры ма, әлде бағы ма?
Мәңгілік жары Бәйдібек,
Келіпті бұны сағына.
Көздің жасы суалып,
Қарт ағаштай қуарып,
Ымдап қана көзімен.
Кетіпті ертіп өзімен.
Ояна келсе түсі екен,
Бұл бір қайғы іс екен.
Жүрегі оттай тулапты.
Шақырып алып Дулатты
Көргенін баян етіпті.
Домалақтай ананың,
Аттанар шағы жетіпті
Асыл ана қазір деп,
Алтыннан күйме әзірлеп,
Ағайын туған жабылып,
Көш соңынан ағылып,
Шығысқа қарай бет түзеп,
Жол тартты халық шеп түзеп.
Домалақ ана қиналып
Жүрегі тағы тулапты.
Шақырып тағы Дулатты
Ақырын ғана үн қатты
немере балам Дулатым
Бақ дарыған басыңа,
Қос бауыр кетті қапа боп,
Серік болар қасыңа.
Қарамай сенің жасыңа,
Бақ қонды келіп басыңа
Албан, Суан немерем,
Одан туған шөберем,
Сенен артық өспейді.
Және жоқ боп өшпейді
Сені олар естейді.
Олар кеткен жағынан,
Қайтып кейін көшпейді.
Дулат балам мың болғыр
Кезім де жетті шаршаған,
Жүзіңді көрсе қарт анаң
Ерекше әсем күйге енеді,
Қайтерсің мені сүйрелеп
Тоқтаса қайда, жүрегім.
Сол жерге қойғын тілерім.
Сылдырап аққан бал судың,
Жанына келіп жеткенде,
Қанып ішіп суынан,
Дәрет қып– Ғұсыл еткенде
Жайнамаз төсеп көкалға.
Қүдіреті күшті О, Алла.
Сәждеге ана бас қойып,
Оқыды бесін намазын.
Көтере беріп жаулығын
Елінің тілеп саулығын,
Сылдырап ақты бүлағы.
Көз жұмып ана құлады.


Ұлылар өткен қаншама,
Ақылын іспен шыңдаған.
Домалақ ана ұрпағы,
Өрбіді міне мыңдаған.
Бәрін де көріп, куә боп,
Мізбақпай жатсың тың далам.
Ұлылар өткен нар тұлға,
Өмірге қайта келмейді,
Ұрпағы қалса атында,
Мәңгілік олар өлмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу