Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  131


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Махаббат ұлы сезім

О, махаббат,
Бар ма өшің ала-алмаған,
Жүректі мазалайсың қайта-қайта.
Білемін, сенсіз адам жаралмаған,
Махаббатсыз бұл адам жай таба ма.
О, махаббат, көтеріп мазағыңды,
Жүрмін ғой мұңға батып, кейде күліп.
Көтермесем мен егер азабыңды,
Неге жүрмін, жігіт боп, өмір сүріп.
О, махаббат сен неге қарамадың,
Қол жетпейтін биік боп кеткенің бе.
Қуантуға сен мені жарамадың,
Алып-ұшып өзіңе жеткенімде.
Ұмытайын десем де, жанды қинап,
Жүректі жаулап алып маза бермей.
Жүретін мәңгілікке қайғы сыйлап,
Қайтемін, махаббатты жаза бермей.
Өмірдің мәні достар, сүйе білу,
Махаббаттың мазағын талқан етіп.
Ойыңа, адал ойды түйе білу,
Адамшылық қасиетті қалқан етіп.
Достарым махаббаттан жеңілмеңдер,
Бойыңда күш қайратың, ақылың бар.
Қапа болып кетпесін жеңілгендер,
Күресуге мәңгілік шақырыңдар.
Қыздар-ай, сұлу қыздар, ару қыздар,
Сендерсіз бұл өмірдің қызығы жоқ.
Жүрегіңді өтсе де қарып ызғар,
Жүрсіңдер көп жігіттің арманы боп.
Сендерді жігіт сорлы құлай сүйсе,
Таптайсыңдар жалынды жүректерін.
Біреуді ұнатып қап, жаның күйсе,
Байқайсыңдар жүректің дір еткенін.
Жүрген дұрыс жүректің әмірімен,
Бірақ, сүйген жүректі таптамайық.
Әзілдесіп махаббат тәңірімен,
Көңілде басқа ойды сақтамайық.
Жан сұлулық көмкерсе тән сұлуын,
Өмірдің кереметі осы емес пе.
Таңдайық, о жігіттер жан сұлуын,
Махабатсыз бұл өмір бос емес пе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу