Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  204


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Айналдым жанарыңнан күлімдеген...

Айналдым жанарыңнан күлімдеген,
Жүзіңнен қайғы табы білінбеген.
Сен ай боп жарқырасаң көк аспанда,
Түн бар ма тас түнегі түрілмеген.
Қызғалдақсың қауызы ашылмаған,
Жастық оты кеудеңде басылмаған.
Жүрегіңнің кіршіксіз тазалығын,
Жұрт қызығар келбетің жасырмаған.
Жасырмаған, расында, жасырмаған,
Еш бір жанға жалынып, бас ұрмаған.
Бұл әлемнің сенде бір періштесі,
Бірақ рет келеді ғасырға адам.
Сөздеріңнен айналдым ағалаған,
Аққу көлін мергендей жағалаған.
Махаббаттың символы аққу болса,
Періште деп сені ағаң бағалаған.
Туған күнді, рахмет, ескеріпсің,
Ағаңның мүшел жасын тексеріпсің.
Сен менің сүйіктімнің бірі болған,
Жүрегіме жазылған естеліксің.
Ағаңның ақ сезімін айыптама,
Ескек керек әрине, қайыққа да.
Жанымда жүрсе болды, түсінер деп,
Жұрттарға бар сырыңды жайып салма.
Ұйықтайсың-ау сүйіктім шашың жайып,
Шашың жібек, қиылған қасың қайық.
Қарындасқа сөз айту қиын екен,
Бара жатыр әрине жас ұлғайып.
1997 жыл.
Ақ жүзің, ақ таң болып арайланған
Нұр болып, жарқырайды бар айналаң.
Дүниеде еш арманым болмас еді,
Сүйіктім болсаң егер қарайлаған.
Ақ арманым биікке алып ұшқан,
Кеудемнен сені көрсем жалын ұшқан.
Өзіңмен жүздесуге ынтығамын,
Сарғайып, сені аңсаған сағыныштан.
Махаббат, адамға дос емес дейді,
Ақ жүзің көз алдыма елестейді.
Жүрегін алып ұшқан ару қыздар,
Мен үшін бір өзіңе теңеспейді.
Самал желдей даланы есіп өткен,
Махаббат деп, мен емес есі кеткен.
Баянсыз махаббаттың сұр жебесі,
Жаралы жүрегімді тесіп өткен.
Жүрегіңде бір сезім маздағасын,
Қара қасың қиылып, назданасың.
Ақындығым расында, кімге керек,
Өзің жайлы бір өлең жазбағасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу