Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  104


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Мәңгілік махаббат

Айлы түн, көк аспанда шуақ құрған
Дала жым-жырт, танадай құлаққа ұрған.
Бұлақ үні естіледі, жылжып аққан,
Қыз үніндей сыңсып бір, жылап тұрған.
Ақ қайың бұлақ бойлап, қалың ескен,
Ақша бұлт шығыс қарай ауа кешкен.
Жұлдыздар жымыңдайды, сан мың түрлі,
Ауыл үсті тып-тыныш, шамдар өшкен.
Жағасында бұлақтың екі ғашық,
Екеуара мұңдасып, сырын ашып.
Бір-бірінсіз өмірдің мәні болмай,
Бірде тасып қалады, бірде жасып.
Жігіт кетпек оқуға ертеңгі күн
Екеуіне қымбат қой бүгінгі түн.
Қыз тығылып, жігіттің құшағына,
Жүректе мұң, болып тұр көңіл кірбің.
Раушан!
Білесің бе, мен сені айға балап.
Көркіңе тоймай келем күнде қарап,
Саған деген мәңгі ешпес ыстық сезім.
Нәр береді жаныма, бойға тарап,
Білмеймін сенсіз қалай өмір кешем.
Қалған жоқ бұл өмірде әрине есем,
Өмір заңы әрине алшақтату.
Жетем ұшып, сен егер сүйем десең,
Қиялыммен құшамын, сағынышым.
Күресемін сен үшің бағым үшін,
Жүрегімнің дертіне шипа болған.
Және солай басымның бағымысың,
Күтесің бе, сен мені айым менің.
Бұралып жағада өскен қайың ба едің,
Оралғанша қасыңа махаббатым.
Тыныш бола қоймас-ау жайым менің,
Күтесің бе сен мені айым менің.
О, Мәди!
Жүрегімде мәңгі қалған дастаным.
Сені ойлаумен мұңға батқан жас жаным,
Күтем сені, оралғанша асыға.
Керегі жоқ жаным сенен басқаның,
Сенсіз өткен әр бір күнім бос елес.
Бүл махаббат адамдарға дос емес,
Сені көрсем қуаныштан жүрегім.
Көрмей қалсам қайғы-мұңнан бос емес,
Күтем, күтем мен күтуден жалықпан.
Жаңылмаймын тап қазіргі қалыптан,
Махаббатын аңсап өтер ғашықтар.
Айтшы жаным, қай уақытта жалыққан,
Күтем, күтем мен күтуден жалықпан.
Таң да атты, қас қағымда арайлаған,
Кетті жігіт артына қарайлаған.
Сүйіктісі күтуден жалықпаса,
Өзін-өзі бақытты санайды адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу