Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  122


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Бақытты бол арманым

Өмірде бәрі жалған ба –
Қол созған сәттер арманға.
Айрылдым сенен қапыда,
Бақытқа таяу қалғанда.
Аққуы болдың басқаның,
Қайғыға батты жас жаным.
Өзіңе жазған хаттарды,
Өтінем – жыртып тастағын.
Сөнбесе оты жанардың,
Теңімді мен де табармын,
Тіршілік етіп жүргенде,
Жалғанда жалғыз қалар кім?!
Ай қалқып тұнық аспанда,
Қайғы сап кеттің жас жанға.
Қатты екен, әттең, қатты екен,
Жүрегің сенің тастан да.
Елес боп кетті сөздерің.
Бақыты болып өзгенің.
Өзгені сүйіп кетіпті,
Жайнаған сұлу көздерің.
Соңғы кеш әсте есімде,
Күздің бір мұңлы кешінде.
Кеттің сен ұзап өзгемен,
Жамандық айтып келсін бе.
Қайғы-мұң өртеп жүректі,
Жүрекке қайғы жыр екті.
Қасірет бұлты аңдып кеп,
Жарық күнімді түн етті.
Бұйырған аққу кетпейді,
Қуған бір сірә жетпейді.
Ұнаттым сені, арманым,
Ұмытып мені кет мейлі.
Қайғыға батты жүрегім,
Бақытты болғын– тілерім.
Арман боп кеттің не шара,
Өзіңсіз өмір сүремін.
Түнеріп шықты аспанда ай,
Жанардан мөлдір жас тамды-ай.
Өзіңе деген пәк сезім,
Өшті ғой жатып басталмай.
Қайғырған жалғыз мен бе екең
Адам бір жүрген пенде екен.
Жігіт боп неге туылдым,
Қайғыны егер жеңбесем.
Кеттің бе ұшып жат жерге.
Аңсаймын сені сәттерде.
Құдайым, мені қолдашы,
Бармақтай ғана бақ бер де.
Құлы боп мына жалғанның,
Жалғанда мәңгі қалған кім
Жүрегім енді жылама,
Қапыда қалдың, алдандың.
Қапа боп мына жалғанға,
Не дерсің, жаным салғанға.
Ойымнан бір сәт шықпадың,
Жабығып жалғыз қалғанда.
Үш жылғы үміт елестей,
Кеттің сен қайтып келместей.
Балауса менің жас шағым,
Өзіңсіз қызық еместей.
Отына жанбай күйіктің,
Бақытты бол сен, сүйіктім,
Өзіңмен бірге жетпеген,
Шыңына жетем биіктің.
1994 жыл.
Сүю – деген қиын екен,
Әуре болып керегі не еді басында,
Жаным, сені қия алмадым,
Өзге жанның құшағына расында,
Қайғы бұлты көңілімді кей-кездерде қаумалап,
Ұласады жалын шашқан нажағайлы жасынға.
Сүю деген қиын екен расында,
Өзің едің арайланған ақ таңым.
Бар сырымды жайып салдым,
Өзің үшін сырды бүгіп жатпадым.
Жалындаған жалын отты жүрегімді жаралап,
Дұрыс па екен, ұнатқаным үшін кінә таққаның.
Көз алдымда елестейсің сағымдай,
Жүре аламын сені қүрбым қалай ғана сағынбай.
Көз тоқтатып, дидарлассам өзіңмен,
Демейсің бе, жоғал әрі қағынбай.
Шынын айтсам жаным сені өзге жанға қимаймын,
Мен өзіңсіз бұл өмірге шынында да симаймын.
Саған деген алабұртқан сезімді,
Жырға малып тек өзіңе сыйлаймын.
Не де болса бәріне де төзем де,
Сайран салған аққуымсың өзенде.
Мен пақырға көмек беріп қол созшы,
Батып барам сезім деген өзенге.
Бір нәрсе бар көңіліме бататын,
Адамдар көп жүрегіне әмір беріп жататын.
Сенсіз маған қызығы жоқ өмірдің,
Әр бір таңның арайланып ататын.
Аңсағалы тек өзіңді күндер өтті зулаған,
Мына сезім, мына жүрек тек өзің деп тулаған.
Қайғысы мен шаттығы бір мына жалған өмірде,
Жаным күйіп қайғырам деп тумаған.
Мына сезім, мына жүрек,
Аңсап сенің дидарыңды тулаған.
Түсін мені, ая мені аяулым,
Керегі жоқ, бірақ жасқап, аяудың.
Елемесең шын сөзімді егер де,
Тас керең боп кетуге де таяумын,
Бірақ мені керегі жоқ аяудың.
Саған деген көңілдегі шын сезім,
Мазалатып жүрегімді тулайды.
Барлық жандар көре жүріп жетілген,
Ешбір адам дана болып тумайды.
Шын көңілден жыр шумағын тізбелеп,
Ұнатқаным үшін маған тақпа мін.
Шын сезімдер төгілген соң жүректен,
Өзің үшін сырды бүгіп жатпадым.
Сенің нұрлы дидарыңа арайлым,
Көрген сайын қуанышпен қараймын.
Алаулаған ай мен күндей жүзіңді,
Нұрын шашқан күн нұрына балаймын.
Өтер-кетер тұрлауы жоқ мына жалған тағдырдың,
Махаббатсыз қызығы жоқ бұл өмірдің жан құрбым.
Сондықтан да көңіліңе бөтен ойды алмағын,
Мына жазған сырым үшін қапа болып қалмағын.
Тілегімді қабыл алшы өтінерім өзіңнен,
Жүректегі күйігімді басар едім еһ-шіркін,
Қуат алып «сүйем» – деген сөзіңнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу