Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  103


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Хош, арманым

Сүйгенменен орындалмас арманың,
Арман ақ құс, дақ салмаған арға мін.
Бақыттан да бақытсыздық көп екен,
Бұл өмірдің сараласаң, салмағын.
Көрмеген ем еш бір жанға жағынып,
Теріс жолға түскенім жоқ қағынып.
Маған қайта келмесіңді білсем де,
Күні-түні сені ойлаймын, сағынып.
Өмірімнің мағынасы, мәні едің,
Сен таныттың махаббаттың әлемін.
Сол әлемге жалғыз тастап кеттің-ау,
Көрген жерде, дүрыс болсын сәлемің.
Махаббат боп, жолықтың сен бағыма,
Сүйіп өтем, сүйем сені тағы да.
Бегет болар мен емеспін жолыңа,
Сағыныштан сарғайсам да, сағына.
Мен өзіңе ұнамайын, ұнайын,
Бұл жалғанның көріп жүрмін сыңайын.
Бір-біріне жете алмаған, қу дүние,
Бірді-бірге зарықтырған құдайым.
Бірді-бірге зарықтырған құдайым,
Зарықтырса-зарықтырсын, шыдайын.
Кеш те болса махаббатты таныттың,
Бақытты бол, жолың болсын ұдайым.
Не ойласа, ойлай берсін өзгелер,
Ақылың кем, жан емессің сөзге ерер.
Бүгін жолың болмай жүрсе, ал ертең.
Бар өмірің түбегейлі өзгерер.
Өмір күрес, күресе бер шегінбе,
Сені бекер сүйгенім жоқ тегінде.
Өзгеде жоқ, бір қасиет бар сенде,
Болғаны ғой, бір тектілік тегіңде.
Еш бір кезде керсетпедің кісілік,
Кетпедің де берекемді, ұшырып.
Үнсіз келдің, үнсіз кеттің, не шара,
Бар нәрсені жүрсең дағы түсініп.
Жүрек шіркін, барады ет боп езіліп,
Сені тегі, қимасымды сезініп.
Сағым болып кеттің ұшып, нешара,
Орындалмас арман болып, кезігіп.
Тайғанатып махаббаттың айдыны,
Жығылдырды, құшақтатып қайғыны.
Бұл махаббат бағындырған, мен түгіл
Жандарды да арыстандай айбыны.
Ғашық болмай жүргенімді ескеріп,
Махаббат-ай мазаладың кеш келіп.
Бақытыңды бұйыртпадың, амал не,
Сенен қалды, тек, баянсыз естелік.
Өткен емір, елес болып есімде,
Келе алмадым тиянақты шешімге.
Жан-жүрегім жылап қалды, аһ ұрып,
Сен кеткенде, күздің мұңлы кешінде.
Сен кеткелі, мәні кетті өмірдің,
Кезі сирек, көтеріңкі көңілдің.
Өтерім һақ, өзге жанға бұрылмай,
Өмір жеңді, мен өмірден жеңілдім.
Неге жүрек махаббатқа бағынды?!
Неге жүрек шын қимасын сағынды.
Қимасам да қоштасамын жарқыным,
Бұл өмірдең жолықтырғай бағыңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу