Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  128


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Өмірдегі жетімектер туралы толғаныс

Әлде қашан қайтыс болған анасының моласын,
Отыр құшып үш жетімек көздің төгіп сорасын.
Тұршы анашым, көрші мына қызыңның не болғанын,
Көрші мына көйлегімнің дал-дал болып тозғанын.
– Тұрар едім туған қызым, тұрар едім жан балам,
Менің «жаным» әлде қашан о дүниеге самғаған.
Тұршы анашым, аймалашы, көз жасымды құрғатшы,
Өрім-өрім, жалаң аяқ жас ұлыңды жұбатшы.
Күдер үзіп бара жатыр жаным мына тағдырдан.
Өгей шешем әлде қашан көңілімді қалдырған.
Үстімізге таза көйлек кигізсе ол ласымен,
Жуады оны аңыратып көзіміздің жасымен.
Біздер үшін мына өмір қап-қараңғы түнектей,
Өгей шешем кейде қуады өз үйіме түнетпей.
Қайғы бұлты қаумалайды, жегідей жеп жанымды,
Апа-ау, сенің аңсап жүрмін әр бір таңда әніңді.
Шыныменен кеткенің бе бізді тастап келмеске,
Не шара бар, сұм тағдырдың бұл ісіне көнбеске.
Бозторғайдай азан айтқан әрбір атқан таңдарда,
Жұбататын жарым көңіл жетімекті жан бар ма?
Өмір бізді мәңгілікке адастырды, алдады,
Бұдан әрі шыдай алман, күш жігерім қалмады.
Көңілімді қашан болсын қайғы бұлты жеңеді,
Өзіңді аңсап күндіз-түні жылай бергім келеді.
Екі болмас бір Алланың жарлық еткен бұйрығы,
Тек жылаумен өтіп жатыр сорлы ұлыңның әр күні.
Жан анашым мәңгі оралмай кетсең-дағы сен мейлі,
О, дүнелік болғаныңа, сорлы жүрек сенбейді.
О құдайым, бақытсыз ғып жаратқаның неліктен,
Өгей шешем күн бермейді, тым қаттырақ желіккен.
Жетім көңіл жетімектің жібермейді наласы,
Жан анашым ұлдарыңның кейпіне қарашы.
Мәпелеген ұл-қыздарың бүгін болды жетімек,
Сорлы анашым келдің деме – өлген жаннан не тілеп.
Айдын көлдей болып едің мәпелеген құрағын,
Мәңгілікке сөнгені ме алаулаған шырағың.
Өшпес от болып қалды бейнең жүрегімде мәңгілік,
Өтер күндер, атар әлі талай-талай таң күліп.
Тұрағы жоқ бұл жалғаннан мен де бір күн кетермін,
Жылуы мол құшағыңа көп өтпей-ақ жетермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу