Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  143


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Мұқағалиға арнау

Мұқағали – алатау, асқар биік,
Жүрегі – ойнақтаған асау киік.
Қаза боп Алатауым көзін жұмды,
Киікке жүрегіндей, жебе тиіп.
Асыл ер, асыл ақын, асыл адам,
Туған ел асыл халқын ардақтаған.
Жұлдыздай ағып өткен тұнық көктен,
Өттің-ау 50-жасқа баспай қадам.
Жан болмады кезінде ақынды ұққан,
Ақ пейіл дос пен қасты жақын тұтқан.
өзіміз ел қаймағын сүзіп алған,
келтіріп керегі не оған нұсқан.
Ол емес адам жанын азғыратын,
Күнәдан пәк адамды жазғыратын.
Қара түнек, уайым, түпсіз қайғы,
Осылар ер адамды аздыратын.
Бұл жалған қызығы жоқ күйік болып,
Түндерде өтті-ау ақын сәби қорып.
Жас сәби мұрагері, болашағы,
Өледі деді-ау мүмкін тәуіп жорып.
Қимаймын асыл ерді әлі де мен,
Өлеңі нажағайдай өткір ерен.
Мен үшін Абайдан соң Мұқағали,
Ақынның сөзі тұнық, ойы терең.
Өмірден неге сонша күдер үздің?
Айбынды арыстаны ұлы жүздің.
Алтындай өлеңіңді шаттана оқып,
Сезімнің айдынында мен де жүздім.
Ақын-ау, сені неге ұнатамын,
Демеймін шығарған ғой елге атағын.
Бар қазақ маған бауыр, маған жақын,
Ұлындай бірге туған бір атаның.
Айбынды бетке ұстар азаматым,
Көтерген биік көкке қазақ атын.
Маржан ой, алтын әріп құдай сөзін,
Мұқағали дер едім жаза алатын.
Ай ма едің аспандағы жаңа туған,
Халқым деп ұлылардың жолын қуған.
Гүл ме едің қара тасты шыққан жарып,
Ақ жауын нөсерлетіп жүзін жуған.
Мақтасам дүниеге симайды өлең,
Әлі де бір өзіңді қимай келем.
Бұл дүние неге сонша опасыз деп,
Өзіңдей құр ашуды жинай берем.
Эх, біз де елміз дейміз өзімізді,
Найзадай – бұрмалаймыз сөзімізді.
Жалғандық, әділсіздік көрсек дағы,
Жүреміз тарс жұмып ап көзімізді.
Халықтар ішіндегі масылымыз,
Елім деп өтті талай асылымыз.
Тарланын қазағымның матап беріп,
Залымдар тайраңдап жүр, жасырып із.
Талпынса талаптанып жігерлі жас,
Кенеттен ол адамға боламыз қас.
Шідер боп асылдарға оратылған,
Не деген қазақ едік жүрегі тас.
Қиналып барады ақын, көзі тұнып,
Өмір жалған, бір сәтте кетті жұлып.
Үн қосқандай табиғат күңіреніп,
Жоқтау айтып, шарқ ұрды, боран ұлып.
Қайтерсің, дәрменсіз күш тасығанын,
Фариза мен бір жаққа асығамын.
Қазақта теңдесі жоқ асыл құрбым,
Бекем бол өзге жұрттай жасымағын.
Ұйыққа қазағым деп түссе дағы,
Суыққа қазағым деп түссе дағы.
Мұқағали халқымның мәңгі есінде,
Аспаннан дана болып түссе дағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу