Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  170


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Ата неге жыладың, айтшы маған?

Ата, сол бір кезде сен неліктен жыладың,
Мені қайтып көрмейтінің батты ма.
Тоқтамайтын өзен-өмір, бұл ағым,
Бас бермейтін, жаманға да жақсыға.
«Ұлы» едің ғой жүрегінде оты бар,
Ата-баба өрлігінен дарыған.
Сен сөйлейсің жұрттың бәрі тосылар,
Жан емес ең алғырттықтан арыған.
Жүзге жеттің, жүз бірінші кезінде,
Мәңгі оралмас бек сапарға аттандың.
Ал мен жүрмін ерік беріп сезімге,
Жас болсам да жүрегімде сақталдың.
Бала едім ғой, айтшы неге егілдің,
Немереңді құшағыңа қысып ап.
Дедің бе әлде, қасіреттен жеңілдім,
Дәрмені жоқ кәрілікке ұшырап.
Әлде маған өмір тілеп, аһ ұрып,
Жыладың ба, айтшы ата, өтінем.
Сүйгеніңде мені өзіңе шақырып,
Құшақтамай кеткеніме өкінем.
Сол кеткеннен ата-ау сені көре алмай,
Мен келгенде кетіпсің-ау келмеске.
Сол кеткеннен ешқашанда оралмай,
Амалым жоқ қасіретті сезбеске.
Сол кездерде неге-неге ауырдым,
Емхананы мекен етіп көп күндер
Жолы болмай, суық тиген бауырдың.
Енді міне, сол қасіретжоқ күндер.
Көре алмай, қалдым сені қайран ата
Бірақ, бейнең көзіме елестейді.
Табамын сендей жанды қайдан ата,
Өзіңе ешбір адам теңеспейді.
Дәм-тұзың таусылғанын сезгенің бе?
Содан болар ыстық жас жүзді шайған.
Бар әлемді егер мен кезгенімде,
Өзіңдей ұлы адамды табам қайдан.
Құшақтап мені ата жылағаның,
Соңғы сәттер көзіме елестейді.
Алады ол да өзіне ұнағанын,
Өмірмен, ажал жауыз кеңеспейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу