Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  71


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Замана

Қазағым-ай!
Сор мұңы арылмаған,
Сонда да кең пейілің тарылмаған.
Қанша бейнет етсең де сен дегенде,
Ақ түйенің қарыны жарылмаған.
Тірелдің-ау тағы кеп тығырыққа,
Осыны жүр ме екенбіз ұғынып та.
Тұлпардай арқандаулы шапқылаймыз,
Қазық қағып байланған шығырыққа.
Саудагер боп бәріміз нарық қуып,
Халқымызды тастадық қарық қылып.
«Эконом» деп жарықты қиып тастап,
Май шамды отырмыз ғой жарық қылып.
Рахатын көремін – деп бейнетінің,
Енбектеніп көрмей-ақ кейде тыным,
Қариялар ашығып жүр ауылда,
Жалақысын ала-алмай зейнетінің.
Жетеді-ау бір басыңа дүшпандарың,
Демеймін әлі де болса ұшқан бағың.
Өтпелі кезең өтер-ау үміттеміз,
Төзім сақта от болып ұштанбағын.
Қазақ қайда барасың майдаланып,
Сенің халің мүшкіл ғой айдан-анық.
Қайда барсаң Қорқыттың көрі шығып,
Тұрақтайсың қазекем қайда барып.
Ұлы жүзді мал бақ деп қауға бердік,
Орта жүзді шешен деп дауға бердік.
Кіші жүзді батыр деп жауға бердік,
Ар ұят пен намыстан жұрдай болып,
Түбімізге жетпесін саудагерлік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу