Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  259


Автор: Бекен Әбдіразақов

Бөген теңізі балладасы

Бәлкім, аңыз, шын бұрын,
Сонау көне заманда,
Салған кезде шылбырын,
Ауыртпалық адамға!
Бөген бойын жайлаған,
Бай болыпты мыңғырған.
Төрт түлігі айдаған,
Өріпті асып мың қырдан.
Бөген өзен шап–шағын,
Жағасын жел қақпаған.
Малын баққан тапса кім,
Егін еккен таппаған.
Болмаса да шалғынды,
Кең жайлауы Арыстай.
Өткізіп ол да әр күнді,
Ағып жатқан қалыспай.
Жазда бірақ тартылып,
Көлшік, жылға болыпты.
Сұлу Арысқа артынып,
Бай жылда ауып қоныпты.
Әмірлі бай азулы,
Не жайлауға тоймапты.
Арыстан арық қазуды,
Бөгенге ол,
ойлапты.
Еріккен бай қиялдап,
Жалғыз адам істесін,
Күші жетпес бұл аймақ,
Сөйтіп, бармақ тістесін.
Орындаса шартты кім,
Бермек бопты бір қызын.
Ескермей соқыр,
қарттығын,
Әйгілі ару Дүр қызын.
Мұны естіп бозбала,
Тамсаныпты жігіттер.
Ел ішінен сонда да,
Табылмапты үміткер.
Ен жайлауды аңсаған,
Ел көңілі елеңдеп,
Қосылса Арыс жан саған
Жетпес еді-ау Бөген деп!
Қара халық қайысып,
Үміт артса бір ерге,
Бай үйінде шай ішіп,
Сөз етіпті күлерге!
Осы бейбақ жарлыдан,
Ер шығар ма білекті.
Бар деймісің арлы жан,
Намыс қорғар жүректі.
Теңі біздің Дүржанның,
Қайдан болсын бұл маңда.
Мына кедей мың жаны,
Шүйіншіге тұрған ба?
Бай осылай асқақтап,
Буына нан піскенде,
Темірланнан қасқа атты
Пайда болды күш-пенде!
Жауырыны қақпақтай,
Найза бойлы азамат,
Көзі отты шақпақтай,
Нағыз қара қазақ-ақ!
Көрген адам көңілі,
Тұлғасына қанғандай.
О, қазақтың өңірі,
Туғызғансың жан қандай!
Жатақ жұрты сабылып,
Көрсетті оған құрметін.
Малын сойып шабылып.
Құптады ел бұл бетін.
Ақсақалды қария –
Ауыл басы, ағасы.
Ақылы бір дария
Балқұрақты жағасы.
Сый құрметтің үстінде:
– Жатсың,
қалқам,
демеймін.
–Деді,– көктен түстің бе,
Талқысына кедейдің!
Әлде байдың қызынан,
Бақ іздеген жансың ба?
Қай жұрт, қай жер тұзынан
Келдің? Айт, ел қансын да!
– Сөзіңіз жөн, ақсақал,
Тегім жарлы қасқа атты
Ел ісіне тапса ақыл,
Ер алады жақсы атты.
Қызыққаным қыз емес,
Қалың кедей намысы.
Суға қанса бұл белес–
Елдің наны, табысы.
Соны ойладым, ағайын,
Әңгіме не созатын.
Енді ел қамын бағайын,
Қойшы Шәміл – өз атым.
– Деп жас жігіт түйгенде,
Кетті күдік тарқап-ақ.
Шабарман да үйге енді,
Бай сәлемін арқалап
II
Тоғайында Арыстың,
Түрлі ағаш өседі.
Мен де,
достар,
таныспын,
Бала күннен кешегі,
Жалаң аяқ жарысып,
Құлыншақтай ойнағам.
Албырт оймен алысып,
Қызығына тоймағам.
Гүлін теріп,
көктемде,
Етектегем жемісін,
Қазір шалғай кетсемде,
Қымбат,
Арыс
мен үшін.
Шәміл де сол тоғайдан,
Сап алыпты кетпенге.
Бір кетпені зорайған,
Төбе бопты төккенде!
Көлтоғанның тұсынан,
Арық тарта бастапты,
Төбені көз ұшынан,
Ойдым-ойдым тастапты.
Екі күнде еңсеріп,
Темірсайды қазіргі.
Нарша тиді белсеніп,
Тау топырақ қазылды.
Ауыл біткен жұмылды,
Жайып салып құшағын.
Білмей Шәміл тынымды,
Құйды тыңнан
күш ағын!
Бірі әкелсе айранын,
Бірі көже ашытты.
Ұстарадай қайрауын
Шыңдап,
жанын тасытты.
Қайраттанған асылжан,
Елер емес бұл сынды.
Қыз да сырын жасырған
Оңашада күрсінді.
Көріп батыр тұлғасын,
Қанық боп зор даңқына.
Ылайық-ау бір басың
Мен түгіл,
бар халқыңа?
Деген оймен Дүр сұлу
Ұйықтамайтын талай түн.
Шыққан шақта күн сүлу,
Адырға ұзақ қарайтын.
Шәміл даңқы атағы,
Сүйсіндірсе бар елді.
Байға жетіп жатады,
Суық желдей,
ал енді!
Қара бұлттар аспанын,
Көмді күнін қазалап,
Тынышы жоқ қасқаның,
Соқыр ойлар мазалап.
Шынымен– ақ жалғызын,
Қойшы құшып сүймек пе!
Мың жылқы,
мың нар қызын
Тегін беріп күймек пе!
Асыл текті сүйегін
Жалшы аяғы аттай ма,
Қойшы десе күйеуің
Таңбадай боп батпай ма?
Осылай Бай қысылып,
Жан дауыстап жаман үн.
Құтылудың ісі қып,
Тапты әйтеуір, амалын!
Ер Шәміл де Дүр қызды,
Ұнатыпты тек іштей.
Жүректегі нұр қызды
Көріпті жас егістей.
Көз алдына елестеп,
Қуат беріп жанына,
Қалды екі-үш белес деп,
Көп демепті тағы да!
Арық бойын орталап,
Қалған шақта қай күні.
Дүрді көр деп қолқалап,
Шақыртыпты бай мұны.
Ақбоз үйлер Бөгенде,
Аққудай-ақ қоныпты.
Ақ қалықтап төбеде,
Ләззат шіркін молықты!
Оңаша үйде Шәмілді,
Шарап беріп мас қылды.
Бай арам ой жамылды,
Жұмсады бір қасқырды.
Кедей сорлы сезбепті,
Мерт боларын нарының.
Бай да соны көздепті,
Көзін байлап бәрінің!
Қаны ердің төгіліп
Пышақтыда өліпті.
Егілгенде егіліп,
Кедей қорлық көріпті.
Ақ төсіне пышақ сап,
Азап тауып сол түннен.
Дүр де арманын құшақтап,
Сонда өзіи өлтірген.
Ел ұмытпай қос ұлын,
Жерді атаса: Шәміл – Дүр,
Туған жері досымның,
Шыққан дейді Шәуілдір!
Екі өзен тілдеспей,
Екі ғашық қосылмай.
Бақыт лебі бір де еспей,
Хикая бопты осындай.
IV
Заманның сол аңызын,
Бүгінгі Арыс, Бөгеннен,
Жарқын өмір жаңа ізін
Жағасынан көрем мен.
Ақ алтындай ауылым
Алқабында Арыстың.
Жатыр жазып бауырын
Татып балын табыстың.
Еңбек оты маздаған,
Мақталы бұл өңір де.
Өлең ғой бір жазбаған,
Жүрсе-дағы көңілде!
Гүлін терген көктемде,
Даласына еркін ем.
Шүғыласын күн төккенде,
Көз алмағам көркінен.
Жалаңаяқ жарысып,
Шалғынымен зырлағам.
Албырт оймен алысып,
Құпиясын ұрлағам.
Туып өскен Арыстан,
Кем емес қой Бөгенім
Бала жастан танысқам,
Жаттап аға өлеңін.
«Бөген-Бөген,
Бөгенсің,
Балдай тәтті өзенсің.
Балдай тәтті суыңды,
Балама болсын дегенсің».
Қара, балам,
анықтап,
Бүгін балдай Бөгенге,
Бақыт құсы қалықтап,
Жүр ғой күнде төбемде!
Қырында бар қырманы,
Қызыл таудай үйілген.
Ұлы Ильичтің нұрлары
Жарқырайды үйімнен.
Түнді бояп, сәнді еткен,
Жағып еңбек оттарын.
Көресің, сен, әндеткен
Арманшылдар топтарын.
Жаз айында мен келем,
Күн қарайды төбемнен.
Шашты сипап жел деген,
Сағым қашты белеңнен.
Бұлдыр–бұлдыр көк сағым,
Дірілдейді қиырда.
Келмейді сол тоқтағым,
Қуа берем қиырға.
Бір мезетте көрінді
Жарқыраған ақ қала,
Сағынышым төгілді,
Бар асылын ақтара.
Көрдім жаңа Бөгенді,
Гүл бақшаға оранған.
Естідім мен өлеңді,
Көкірегі толы арман.
Теңізі бар шалқыған,
Иір-иір толқынды.
Аумай байтақ қалпынан
Кең тыныстап ол тұрды.
Теңіз десе, бұрын біз
Жалт қараушы ек картаға.
Со теңіздің жырын біз,
Үйрендік қой партада.
Шуылдайды күн-түні,
Ақ жал толқын Бөгенде.
Естисің сен күлкіні
Қанат берген өлеңге.
Қанша Шәміл ер жүрек
Мұнда қанша Дүр сұлу
Бірін-бірі елжіреп,
Сүйіскен көп жүр сұлу.
Өңкей өжет бүлдіршін,
Өзі тартқан каналда
Қалар мәңгі, кім білсін,
Үлкен бақыт табар да!
Сонда, әйтеуір, бір шақта,
Мынау әсем поселке,
Айтар аңыз ұрпаққа,
Куә болар осы өлке!
Сен адалсың, сол-ақ сенің жазығың,
Мол ғой бірақ досқа берер азығың,
Аман болып жүре берші, тілегім,
Секілденіп жақсы көктем, жаз күнім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу