Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  117


Автор: Бекен Әбдіразақов

Біздің Нұржан туралы

I
Біздің Нұржан ересек,
Нанбасаңыз, бер есеп.
Бір жердегі бір қанша,
Десең, көзді жұмғанша,
Екі дейді ойланбай,
Бәрін біліп қойғаны-ай!
ІІ
Біздің Нұржан шанамен,
Өзіндей көп баламен,
Сырғанады төбеден,
Қызық, еді не деген!
Шана тайдай тулайды,
Мәз боп бәрі шулайды.
Бір мезетте қараса,
Міне саған тамаша:
Оқымайтын кішкене,
Түсінбейтін ештеме,
Өңкей сәби қалыпты,
Біздің Нұржан нақ сонда,
Сабақты еске алыпты!
ІІІ
Ақша қардай ақ күшік,
Дәу арландай сақ күшік.
Жарысады Нұржанмен,
Алысады Нұржанмен.
Тайып кетсе табаны,
Нұржап кейіп қалады.
Шауып келіп күшігі,
Жұлқылайды ішігін.
Жұбатады аймалап,
Бірақ оны құлатқан,
Табаны ғой тайғанақ!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу