Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  81


Автор: Бекен Әбдіразақов

Таңғы жұлдыздар

1
Тыңдаңдар! Ел сұрайды! Кадр керек!
Өсуге, өркендеуге – кадр көмек!
Қазақтың шөліркеген даласына
Сол кадр судай қажет, қазір керек!
Осы ұран шарлап жүрді бүкіл елді,
Көктен де найзағай боп күркіреді.
Кадр ма? Далаға ма? Қой! Қой, жаным!
Деп талай аяулылар үркіп еді.
Білмеймін қиял қырға шақырды ма,
Сабасын жас арманның сапырды да.
Қош айтып, астанадан тартты
Сергей Япырай, ақымақ па, ақылды ма?!
Мүлгіген қоңыр қырға Москвадан,
Аяғын сол кезде оңай басты ма адам?!
Біреулер аяғансып, бірі күліп,
Өзіне – дейді,– сорды ашты надан!
Жан еді тыңдап өскен қала шуын,
Татпаған дала нанын, дала суын.
Сағымдай самсап келіп сырғып кеткен,
Көбейтті қилы ойлар таласуын.
Кәдімгі өр мінезді орыс жаны,
Қорқытқан бұлдыр оймен болыспады.
Өзінен озып кетіп қанатты ой,
Қазақтың даласына қоныстады.
Жас жігіт ойланса да, сескенбеді,
Арманы алып-қашпа төске өрледі,
Жүректің дүрсілі де мың қайталап:
Дауылда әкең сенің ескен деді!
Шығып ап тығыз вагон тамбурына,
Тұрады құлақ тосып салдырына.
Әйнекте көз жасындай домалаған,
Қарайды күйсіз күздің жаңбырына.
Паровоз қанша жұлқып шайқаса да,
Жалт бұрып әкетсе де қай тасаға,
Кетпеді көз алдынан Тамарасы,
Жақындап құшақтары айқаса ма?..
Қарай ма ұшқын ойнап көздерінде,
Ести ме биязы үнді сөздерін де,
Шіркін-ай бақытты еді-ау, бақытты еді-ау,
Қолтықтап сейіл құрған кездерінде!
Самалдай вальс талай еспеді ме,
Думанды студенттік кештерінде,
Томаның жұтып күміс күлкілерін,
Жадырап көңіл шіркін, еспеді ме!
Ауырлап жүк артқандай күрсінгені,
Жиіледі жүрегінің дүрсілдері.
Еске алып сонау күнді қайта-қайта,
Келеді, міне, енді құр сүлдері.
Сүйгені жолға мұны шығармады,
Өзі де қайран қалды, ұға алмады,
Ойлары тентіреді тұрақтамай,
Адасқан адамдай-ақ тұмандағы.
Ол, бәлкім, қарсы шығар сапарыма,
Сонан да маған іштей қапалы ма?
Жо-жоқ, ол!.. Әкесіне арқа сүйер
Қоспаймын аяулылар қатарына...
Толғанып шеше алмады, түсінбеді,
Алайда, неде болса ішінде еді.
Үміттің ұшқындарын медеу тұтып
Қолыма қонатын бақ құсым деді.
Жүйткіген паровоздың дөңгелегі,
Жиырып жерді алдына өңгереді.
Алмасып терезеге экрандай,
Бірде орман, бірде жазық, дөң келеді.
Қосылып әндетеді жолдан бәрі,
Қол бұлғап орыстың қарт ормандары
«Бара бер, туысың бар» дегендей-ақ,
Маңқиып қарап тұрды қорғандары.
Келеді орыс ұлы Ақмолаға,
Шақырды, бәлкім, оны тап сол ара!
Әйтеуір, ертеңіне сенімі бар,
Білмейді сор бола ма, бақ бола ма!
3
Керіліп манаураған дала жатты,
Қырларда сағым ойнап бара жатты.
Ту бие сауырындай жалпақ дала,
Етекпен бүркегендей қала жақты.
Дала үсті бозғылданып толқындайды,
Көңлінді, көзіңді де толтырмайды.
Боздаған бозторғайдың зарлы үнін
Мыңқ етпей, сұлық жатып ол тыңдайды.
Тырбиған жерде жусан, бетегені,
Жел түртіп оқта-текте кетереді.
Қабағын түйіп көктен бұлт төніп кеп,
Күркіреп көкірегі жөтеледі.
Кім білсін, шаңды жұтқан жетел ме еді,
Ащу ма, әлде оның кетергені.
Шаптығып қу аяқ жел долданбаса,
Себелеп жұпар иісті өтер ме еді?!
Сары күз сары аурудай жайлап апты,
Сарғайтып гүлді жұлып, майдалапты
Келдегі жаз жайлауын тастап, әне,
Бұл, құстар, қанаттарын қайда қақты?
Жылы орын, тегін тамақ іздеді ме,
Барады құстар ауып күзде, міне.
Қарашы, қиқулаған тізбегіне.
Цыганның тобырындай шұбатылған,
Қарашы, қайтқан құстар тізбегіне,
Сен неге келе жатсың түздеріме,
Кешір, дос, шыныңды айтшы, сырыңды
айтшы,
Өмірді осы түзден іздедің бе?
Дала, бұл! Құлан жортып қылаңдаған,
Көктемде бойжеткендей сылаңдаған.
Қиялдай жалт-жалт етіп арқа-жоны.
Қырында қызыл түлкі бұлаңдаған.
Дала, бұл! Күйін төгіп күмбірлеген,
Жоқтығын сірә, ешкімге білдірмеген.
Қол салып ала білсе, жаны жомарт
Қойнында қазына көп біз білмеген.
Көрдің бе?
Көрмесең көр, келбетін, сен,
Өзгертем деп келесің жер бетін, сен.
Ұлым дер, жатырқамас сені далам,
Баурында еркелесең, тербетілсең.
Сен мендей тұрып кетіп түн жарымда,
Дала әнін, дала күйін тыңдадың ба?
Көктемгі самаладай жұлдыздарға
Қол созып, аламын деп ымдадың ба?
Білемін, тыңдадың ба, ымдадың ба?
Шақырды, сені де арман «мұнда, мұнда!»
Сол арман әкеледі мұрындықтап,
Жайылған дастарқандай қырларыма.
Көре түс, орыс ұлы, Арқаны да,
Алдыңа жайып таста картаны да,
Белгілеп қойыпсың ғой қарындашпен
Түсесің, мына нүкте – Қарталыға.
Достарым, есіп кетіп ақын қапты,
Паровоз Қарталыға жақындапты.
Қарталы – екі-үш үйлі разъезд
Сонан ба жұрт көңілін шақырмапты.
Қиялдап отырғанда жым-жырт қана,
Кіргенін байқамаппыз ымырт қалай.
Аспанда жыртық бұлттан сығалап жүр,
Сопақ ай, суға салған жұмыртқадай.
4
Ешкім де қарсы алмады, ескермеді,
Баратын жері оның көш жерде еді.
Сықсиған майшамды үйде қалды түнеп,
Шытырман ойлар болып кешкі ермегі.
Болса да дертке шипа ол дәрігер,
Жаны еді сезге құмар бал дәмі дер.
Қолдағы шағын қара чемоданда
Күнделік, жеңіл-желпі бар дәрілер.
Секілді желкілдеген бала қайың,
Кешегі студент қой қарапайым.
Тізбектеп кәкір-шүкір дүниесін
Несіне, уақытты бос қаратайын.
Көнетоз пальтосына оранды да,
Тынығып алайын деп жол алдында,
Жайланып бір бұрыштан орын тепті,
Адасып қалған қойдай қора алдында.
Күтеді дала таңын күлімдеген,
Қарсы алар екен деп ол бүгін немен.
Жымиып айтшы дейді мендей жанға
Сырларың бар ма, сірә, бүгілмеген?
Қайтесің, осы ғой деп түз ғұрыбы,
Келеді тыстан желдің ызғырығы.
Әйтсе де, олай орап, бұлай орап,
Жүрегін босатпады қыз құрығы...
5
Жігіттер, не теңелер асыл жарға,
Жүректен оған отың басылған ба,
Бақытың басыңа кеп қона қалар,
Кеудеңе басын сүйеп асылғанда!
Түссе еске елжіретер назы жанды –
Қарғаштың мінезінің жазы мәңгі,
Сергей де ойлап отыр Тамарасын,
Өзімдей елестеткен Қазынамды.
Білмедім жар суреті бөлді немен,
Көзі мен көк аспандай мөлдіреген
Қыпша бел мүсін тұрды ақ қайыңдай,
Шашымен самал ойнап желбіреген.
Тамара қалып қойды-ау Москвада,
Альбомын сурет толы ашты ма, о да
Серега, қымбаттым деп қиялымен
Кім білсін, бауырына басты ма о да!
...Көп емес, алты ай ғана, Тамарашым,
Кадрсың, сен дәрігер саналасың.
Сонан соң, келесің бе, келесің ғой.
Ох, қандай бақыт болмақ Тамарашым!
Ох, қандай үлкен бақыт Тамарашым!
Жапаннан мынау жатқан таба аласың!
Даланың желі бізге қуанғандай
Қарашы, терезені сабаласын...
Жас жігіт жаны елігіп қиялдады,
Ой жібін үзе алмады, қия алмады.
Еліткен тәтті арманы көңлін баурап,
Ұйқысын көзге келген тия алмады.
Түс болып шырын арман жалғасты ма,
Күлімдеп қозғалады ол сәл бастыға.
Бір сәтте бөлмеге енді дала таңы,
Көгілдір сәуле болып алғашқыда.
6
Түндегі ұлып жүрген жел басылып.
Кетіпті көк аспан да демде ашылып.
Қалың бұлт ауып барып қонақтапты,
Шығыста мұнарланған белге асылып.
Шашырап бұлт астынан алтын арай,
Нұр жуып дала жүзін қалқыды жәй.
Досындай сағынысқан құшырланып,
Бетіңнен сүйген лептің салқыны-ай!
Шырқауда молда торғай шырылдаған
Әнші екен, байқамайды-ау бұрын адам.
Көр болмай қандай шіркін көрді екен,
Жыр толы қазақтың бұл қырын надан!
Қарашы, мынау сұлу дала таңын,
Тосқандай дала жалпақ алақанын.
Желпіне соққан самал, таза ауасы,
Мейірлен – дегендей бір балақаным!
Бұл ғажап жан тербеген сезім еді,
Сергей де жүрегімен сезінеді.
Өзіне сыры тұйық сардаладан
Көргендей өмірдің тың көзін енді!
7
Алыстан бұлдыр-бұлдыр елес берген,
Ат арба асты талай белестерден.
Арқандай шұбалаңдап, созылған жол,
Әлі де бітер емес егескенмен.
Сергейді жалықтырмай, қазақ шалы,
Сөйлейді орысшалап қазақшаны.
–Қарағым, қажыдың-ау, деп қояды,
–Көп емес, әнеу бір дөң, аз-ақ қалды!
Сонымен, өкілмісің жоғарыдан,
Жағдайды біл деді ме Қоғалыдан
Бек жақсы, еркінсіген кулактардың
Боран боп, білсін бәлем, соқ алдынан.
Әйтпесе, өңшең иттер есіріп жүр;
Тамырын терең жайып есіріп жүр.
Ауылдың атқа мінген белсендісі,
Сен тиме, мен тимен деп кешіріп жүр.
Жанай шал қыза сөйлеп күйінеді,
Қабағы төнген бұлттай түйіледі
Сергейге ой тастады ауыл жайы,
Шал сөзі шындық болса күйі не еді?!..
Далада жаулар жүрсе желдей жортып,
Кедейлер тұрса тағы сеңдей толқып,
Хал нашар! Бірақ... жойқын күрес керек,
Ұят-ау, маған тіпті келмей қорқып!
Жарлының көңілін тапсаң тұр ағылып,
Таппасаң... құлақ құртар бір-ақ ұрып.
Сондықтан, комсомолдық жалынменен
Қырандай керек өткір қырағылық!
Қарт сөзі қайта салды осыны еске,
Өткен күн суреттері жосылды есте!
Даланың самалындай аңқылдақ шал,
Түсірді оның әзиз досын еске!
Қарайды кере карыс маңдайына,
Тағдырдың төтеп берген қандайына!
Көзі де, көкірегі ояу адам,
Біледі ымырт пенен таңды айыра!
Жоқшылық жамау жасқап берігіне,
Жүрсе де шыр бітірмей көлігіне.
Жамауда,
дақ та титтей түсірмепті-ау,
Тап-таза жан дүниесі өмірінде.
Тырмысып шыққан да арба дөңге келіп,
Көл жатты шар айнадай дөңгеленіп,
Талдары таз шашындай ауыл жатыр,
Тұмсығын, бір бүйірін көлге беріп.
Қалжырап, қаны кеуіп шөлдегендей,
Басыңды көтер десе көнбегендей,
Сұғынып, ауыл көлге төне түскен,
Ләззатті судан өзге көрмегендей!
Кепкідей жапырайған жаппаларды,
Ұқсатсаң айтар жанға жат хабарды.
Жарқырап, қатар түзеп ақ үйлер тұр,
Адамдай әкелген бір шат хабарды.
Құпия ауыл сыры, ауыл жаны,
Әзірше білінбейді ауыр халі.
Сонда да демін тартып: тұйық жатыр,
Күте ме, сезіп соғар дауылды әлі! -




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу